«АБАЙ ШЫҒАРМАШЫЛЫҒЫ – ҰРПАҚ МҰРАСЫ»
27.05.2022
«Қазақ тілі мен әдебиеті» және «Музыкалық білім» білім беру бағдарламаларының студенттері «Абай шығармашылығы – ұрпақ мұрасы» тақырыбында әдеби-сазды кеш өткізді.
Шара қазақтың бас ақыны, қазақ жазба әдебиетінің негізін салушы Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналды.
Әдеби-сазды кеште студенттер Абай шығармаларын, ақынның «Қара сөздерінен» театрландырылған көріністер көрсетті.
Оқытушы Тамара Дорошенко жетекшілік ететін хор ұжымы мен Салтанат Қисатова жетекшілік ететін «Аманат» халықтық вокалды-аспаптық ансамблінің шәкірттері «Айтым салем Қаламқас», «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай», «Сегіз аяқ» сынды Абайдың шығармаларын ерекше шабытпен орындады.
Жалпы, жастардың ұлы ақынның өнеріне бет бұруы кездейсоқ емес. Ұлы ойшылдың шығармаларынан көптеген күрделі сұрақтарға жауап табуға болады. Себебі ақын әр шығармасында халықты ізгілікке, бірлікке, ынтымаққа, өзара көмекке шақырып отырған, сондықтан ол бүгінгі күні де өзекті. Абай идеялары әрқашан ұрпаққа рухани азық болып қала бермек. Абай сөздері әр уақытта өзгермелі дүниеге көз жүгіртіп, дұрыс бағдар табуға итермелейді. Оның шығармалары жастарды өз халқын, туған жерін сүюге, бағалауға, түсінуге шақырады.