АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН ДӘРІСТЕР!
01.03.2022
Қазақстан Республикасының Алғыс айту күнін мерекелеу аясында біздің ұстаздар Достық Үйінде өткен Павлодар қаласы мектептерінің оқушыларына «Алғыс күнінің тарихы мен философиясы» апталығына қатысты. Басты идея жас ұрпаққа «Алғыс айту күні» мерекесінің мәні туралы түсінік беру және ризашылық пен алғыс, сыйластық құндылығы туралы түсініктерін кеңейту, сыпайылық қарым-қатынасын дамыту, әдептілікке, ізеттілікке тәрбиелеу болып табылды.
Павлодар педагогикалық университетінің оқытушылары мен мамандары өткізілген іс-шараларға спикерлер ретінде қатысты. Соның ішінде облысымыздың Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық тобының (ҒСТ) төрайымы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А. Аманова және мүшелері – аға оқытушы Г. Тохметова, «Тарих» білім беру бағдарламасының жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Б. Абдрахманов, Е. Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасының басшысы Р. Игибаева, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А. Молдакимова.
Жоба аясында спикерлер құрамының қатары және күнделікті келетін оқушылардың мектебі өзгеріп отырды. Ғылыми-сараптамалық топтың мүшелері мен этномәдени бірлестіктердің төрағалары спикерлер ретінде сөз сөйлеп, біздің елімізге, соның ішінде аймақ халқына этностардың алғаш аяқ басқаны жайлы мағлұмат берді.
Ары қарай жас өспірімдерді этномәдени бірлестіктердің қызметі туралы таныстыру экскурсиялары ұйымдастырылды. «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі шығармашылық ұжымдарының педагогтарының ән айту, би үйрену, домбырада ойнау, сондай-ақ дәстүрлі әнді домбырамен мәнерлеп айту бойынша мастер-класстар өткізілді. Жоғарыда аталған барлық іс-шараларға 200-ге жуық оқушы қатысты.