«КІТАПҚҰМАР МЕКТЕП»
12.03.2021
Университеттің Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханасы республикалық «Кітапқұмар мектеп» акциясына қатысуда.
Жобаның мақсаты – білім беру ұйымдарының кітапханаларын жаңартуға жағдай жасау, сондай-ақ мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын арттыру болып табылады.
- Заманауи әлемде электронды технологиялар мен гаджеттердің рөлі жыл сайын артып келеді, осыған байланысты балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуға деген ынтасы төмендеп, оның есесіне жасөспірімдер уақыттарын компьютерлік ойындар мен теледидар алдында, планшетпен өткізгенді жақсы көреді. Қазір, тіпті, кішкене балаларға да гаджеттерді үйрену қиындық тудырмайды, ал оларды кітапқұмарлыққа баулу, жастарға кітап оқыту өзекті мәселе болып отыр - дейді Е.Бекмаханов атындағы кітапхана директоры Роза Ержанқызы Игібаева.
Аталмыш жоба аясында №13, 14, 18 және 36 мектептерімен бірлескен жұмыс жоспарлары құрылды. Жыл көлемінде ППУ ғылыми кітапханасының қызметкерлері мұғалімдер мен ата-аналарға ақпараттық ресурстарды құрастыру саласында, кітап көрмелерін ұйымдастыруда әдістемелік және практикалық көмек көрсетеді.
Осы аптада №14 орта мектебінде қазақ әдебиеті классиктерінің "Әдебиет - ұлттың жаны" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана қызметкерлері университет студенттеріне оқуға ұсынылған әлем классиктерінің көркем шығармаларының тізімін жасады.