ППУ-да балаларды қорғау күніне арналған мерекелік іс-шара өтті
01.06.2021
1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде Павлодар педагогикалық университетінде кәсіподақ мүшелерінің балаларына арналған мерекелік іс-шара өтті.
ППУ спорт кешенінің базасында балаларға арналған түрлі ойындар, флешмоб, би, және т.б. қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды. Мерекелік шара барысында аниматорлар ойын-сауықтармен балалардың көңілін көтеріп, күлкіге қарқ қылып, мәз-мейрам етті.
«Біз жыл сайын осындай шаралар ұйымдастырып тұрамыз. Былтыр өздеріңіз білетіндей, еліміздегі жағдайға байланысты балалар арасында онлайн конкурс ұйымдастырған болатынбыз, ал биыл бүлдіршіндерді мерекемен құттықтап, осындай кішігірім шара өткізуді ұйғардық. Балалар да, бүлдіршіндерін қолдарынан жетектеп әкелген ата-аналар да қуанып жатыр. Біз соған ризамыз», - ППУ кәсіподақ ұйымының төрағасы Роза Жаева.
Қымбатты бүлдіршіндер мен сәбилер! 1 маусым – балаларды қорғау күні құтты болсын! Барлығыңызға ашық аспан, бейбіт өмір, сәбилерге бақытты балалық шақ, әрқашанда сыңғырлаған күлкі тілейміз!