Көрнекті жаңашыл-педагог Р.Нұртазинаны еске алуға арналған І Халықаралық Педагогикалық оқулардың қорытындысы шығарылды
10.03.2021
ППУ-да әйгілі әйгілі қазақстандық педагог-новатор, филолог, қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Нұртазина Рафиқа Бекенқызының 100 жылдығына арналған «Заманауи әлемдегі мектеп – мұғалім – инновация» атты I Халықаралық Педагогикалық оқулары өз мәресіне жетті. Оған жақын және алыс шетелдердің 12 елінен келген 250 жетекші ғалымдар қатысып, педагогикалық оқуларды ғылым мен білім беру сұхбатының беделді алаңына айналдырды.
Ғылыми конференция аясында басылымға 173 мақала ұсынылды. Конференцияның пленарлық отырысында Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Агманова Әтіргүл Егембердіқызына салтанатты түрде Пушкин (МАПРЯЛ) медалі табыс етілді. Пленарлық отырыстан кейін қатысушылар 5 түрлі секция жұмыстары бойынша әзірлеген баяндамаларын оқыды. Қатысушылар жұмыстарын инновациялық жобалар, авторлық бағдарламалар түрінде ұсынып, тәжірибелерімен бөлісті. Педагогтер жас ұрпаққа сапалы білім беру мен тәрбие жұмысының өзекті тақырыптарын қозғап, тәжірибе алмасып, өздерінің кәсіби шеберліктерін жетілдіруге мүмкіндік алды.
Педагогикалық оқулар аясында біліктілікті арттыру курстары өткізілді. Курс бағдарламасы филология ғылымдары саласындағы заманауи тенденцияларды, ассимиляция теориясы мен мектеп және жоғары оқу орындарында филология пәндерін оқыту әдістемесін жаңартуға бағытталған.
Бірінші халықаралық педагогикалық оқулардың жабылу салтанатында Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор С.В.Мурзакулов конференция материалдарының жинағын, қатысушылар сертификаттарын және ұйымдастырушыларға арналған алғыс хаттарды табыс етті.
Ғылыми іс-шараны қорытындылай келе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан сөз кезегін алған конференцияның серіктес ұйымдастырушыларының бірі – профессор, ф.ғ.д., Шаймерденова Н.Ж. Рафиқа Бекенқызының жақындары мен туыстарының, балалары мен немерелерінің, ізбасар әріптестерінің, шәкірттерінің жазған "Ұстазға хат: ұрпақтан-ұрпаққа" атты хаттар жинағын таныстырды. Сондай-ақ ұстаз мұрасын ұлықтап, республиканың түкпір-түкпірінен мектеп мұғалімдері мен оқушылары, жоғары оқу орнының студенттері мен оқытушылары қатысқан «Өткенге хат» жанрындағы эссе байқауының қорытындысы шығарылды.
Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі Рафиқа Нұртазинаны еске алуға арналған I Халықаралық педагогикалық оқулары педагогикалық қоғамдастық арасында жоғары бағаға ие болды. Іс-шараны ұйымдастырушылары мен секция жетекшілеріне ізгі ниетті лебіздер легі айтылды.