Перейти к содержимому страницы.

КОНФЕРЕНЦИЯНЫҢ СЕКЦИЯЛЫҚ БӨЛІМІНДЕ ОРТА БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

04.11.2022

Бүгін Павлодар педагогикалық университетінің алғашқы ректорларының бірі, профессор Тасболат Шаяхметовтың туғанына 85 жыл толуына арналған «ҚАЗІРГІ ЗАМАНҒЫ ҒЫЛЫМ, ҚОҒАМ ЖӘНЕ БІЛІМНІҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ» атты республикалық ғылми-практикалық конференция өтті. Түске дейін конференцияның ашылуы болса, түстен кейін секциялық бөлімі өтіп, еліміздің әр өңірінен келген ғалымдар мен ұстаздар орта білімнің өзекті мәселелері тақырыбында тәжірибелерімен бөлісті.

Мысалы, зерттеушілер «Ағылшын тілін меңгеру үшін мемлекеттік және жекеменшік мектептерде сыныптан тыс жұмыстар жүргізу және оқушыларды осы іс шараларға қатысуға тарту», «Абай Құнанбайұлының гуманистік психологиясы», «Көркем мәтінді оқытудағы оқушылардың жас ерекшелігі», «Шет тілін үйренудегі ақпараттық технологиялар», «Педагогикалық университетте студенттердің ғылыми қызметін қалыптастыру», «Антропонимдердің танымдық коды» тақырыптарда баяндама жасалды.
Астана қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президентінің кеңесшісі Айнагүл Мұхаметханованың сөзінше, орта білім беру саласындағы өзекті жаңалықтардан жоғары оқу орын өкілдері де хабардар болуы керек.

- Педагогикалық жоғары оқу орындарында сабақ беретін ұстаздар орта мектептерде орын алып жатқан жаңалықтарды біліп отыруы керек. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдерімен бірге ғылыми жобалар әзірлеп, оны мектеп қабырғаларында өткізу керек. Педагогикалық бағыттағы оқу орындар ескеретін тағы бір мәселе бар. Ол студенттердің тәжірибесі. Яғни, университет қабырғасында жүрген кезден кәсіби практикалардан өту талабын күшейтіп, дайын маман болып баруына жағдай жасау қажет. Жалпы, қазіргі таңда орта білім беру тақырыбында күрделі зерттеулер жасалуда. Сол жұмыстардың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарына ұсыныстар беретін боламыз, - дейді Айнагүл Мұхаметханова.

Конференцияның секциялық мәжілісін ППУ ғылыми жұмыс және халықаралық қатынастар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин қорытындылап, баяндама жасаған спикерлерге алғысын білдірді.