КОЛЛЕДЖ СТУДЕНТТЕРІ ЖҰМЫС БЕРУШІЛЕРМЕН КЕЗДЕСТІ
15.11.2022
Бүгін елімізде жұмыс берушілер күніне орай ППУ-дың М.Қанапиянов атындағы жоғары колледжінде панельдік отырыс ұйымдастырылды. Оған колледж түлектеріне жұмыс беруші ұйым өкілдері келіп, «Оқыту сапасын арттыру үшін жұмыс берушілермен тиімді ынтымақтастық» тақырыбын талқылады. М.Қанапиянов атындағы колледж педагогикалық бағытта білім беретін болғандықтан, кездесуге мектеп өкілдері келіп студенттердің өндірістік практикадан өту және алғашқы жұмысқа орналасу мәселелерін сөз етті. Сонымен қатар, студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Колледж директоры Алмас Кенжеғалиннің айтуынша, мақсаты – үш тараптың өзара әрекеттесуі мен ынтымақтастығын күшейту. Яғни, жұмыс беруші-студент-оқу орны арасындағы байланысты нығату.
Шараға Павлодар қаласының №36 орта мектеп директоры Зауреш Ахмадова, № 11 орта мектебі директорының орынбасары Әсем Байжұманова, Мәшһүр Жүсіп атындағы орта мектебі директорының орынбасары Данна Серимбаева №34 орта мектебінің бастауыш сынып мұғалімі Елена Гордеева, №37 орта мектебінің қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Бахытгүл Төлеухан, Мұзафар Әлімбаев атындағы орта мектебінің дене шынықтыру мұғалімі Елена Танкова секілді мұғалімдер қатысты.
Кездесу барысында "Жұмыс берушілер мен кәсіптік лицейлер арасындағы әлеуметтік серіктестікті дамыту», «Кәсіптік-техникалық білім беру мекемелері бәсекеге қабілетті болуы үшін не істейді?», «Білім беруді еңбек нарығының сұранысына қалай жақындатуға болады?» сынды тақырыптар талқыланды.
- Қазақта «Адамның артықшылығы жақсы ұстаздан басталады» деген сөз бар. Сондықтан, білім беру саласын таңдаған әрбір маман өз ісін жан-тәнімен жақсы көруі керек. Жас маман бәсекеге қабылітті болуы үшін ең алдымен жан-жақты, яғни, әр тақырыптан хабардар болуы тиіс. Екінші өзінің мамандығына деген жауапкершілік керек. Себебі, алдыңызға келген оқушының болашақ өмірі сіздердің қолдарыңызда. Әр ата-ана өз баласын сіздерге санып тапсырып отыр. Сол сенімді ақтай білу керек, - дейді № 11 орта мектебі директорының орынбасары Әсем Байжұманова.