«КӨШБАСШЫ: МЕКТЕП ЖӘНЕ ОТБАСЫ» АТТЫ ШЕБЕРЛІК САБАҒЫ
07.11.2023
Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің оқытушы-сарапшысы, филология магистрі Асыл Матаева және педагогика жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Берік Матаев дарынды балаларға арналған Абай атындағы гимназия-мектебінде «Көшбасшы: мектеп және отбасы» тақырыбында шеберлік сағатын өткізді.
Іс-шара ІІІ республикалық «Іші алтын, сырты-күміс сөз жақсысы» шешендік өнер байқауы аясында ұйымдастырылған «Педагогикалық дуэт» ашық алаңында өтті. Гимназия-мектептерінің ұстаздары мен оқушыларына арналған шеберлік сағаты барысында көшбасшылық сипаттамалары, басшы мен көшбасшының айырмашылығы нақтыланды.
Көшбасшы және «Мен – концепциясы» байланысы, «Мен-отбасылық», «Мен-физикалық», «Мен-психологиялық», «Мен-әлеуметтік» тақырыптағы аспектілері ашылды. Шеберлік сағаты тренинг-интерактив түрінде өтті және қатысушылар да белсенді атсалысты.
Сонымен қатар «Педагогикалық дуэт» ашық алаңында мәшҺүртанушы, филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамбет Тұрышев пен Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Шарбат Жұмаділова «Риторикалық пайымдаулар», филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серік Елікбай және филол.ғыл.канд., профессор Бақытгүл Капасова «Кейіпкер - ұлт тағдырының тетігі», Абай атындағы РММИ шешендік сөз өнері пәнінің мұғалімі Жарқын Сәленұлы «Шешендік өнерге баулудың жолдары» тақырыптарында баяндама жасап, тәжірибелерімен бөлісті.