Перейти к содержимому страницы.

КӨҢІЛ АЙТАМЫЗ

05.01.2024

Марғұлан университетінің профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, Павлодар қаласының Құрметті азаматы, ұлағатты ұстаз, біздің ең жанашыр ағаларымыздың бірі - Зағыпаров Қабиден Фатқоллаұлы дүниеден өтті деген хабар естідік. Бұл қаза ағамыздың отбасы үшін ғана емес, Марғұлан университетінің ұжымы үшін де орны толмас қайғы, қабырғамызды қайыстырған ауыр қаза болды. Себебі Қабиден ағамыздың біздің университетке және еліміздің білім беру саласының дамуына қосқан еңбегі ұшан теңіз.

Қабиден Фатқоллаұлы 1935 жылы 5-желтоқсанда бұрынғы Куйбышев (қазіргі Ақтоғай) ауданының Жаңа-Аттаныс ауылында дүниеге келген. Қожамжар ауылындағы Сталин атындағы орта мектебінде 7-сыныпқа дейін оқып, 1953 жылы Качир қазақ орта мектебін бітірген. Сол жылы Алматыдағы Абай атындағы пединститутқа оқуға түсіп, оны 1957 жылы аяқтады. Еңбек жолын өзі оқыған Качир қазақ орта мектебінде мұғалім болып бастап, кейін Куйбышев орта мектебіне ауысты. Содан аудандық оқу бөлімінің мектеп инспекторы,  Қазақстан Компартиясы Краснокутск аудандық партия комитетінің саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Қабиден Фатқоллаұлының өмір жолына үңілсеңіз, әрдайым өзін жетілдіріп жүретін ізденімпаздығымен, оқуға деген құштарлығымен жастарға үлгі. Мұны өмірінің талай жылын оқу, білімге арнағанынан аңғаруға болады. Ол 1969 жылы М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің философия факультетінің аспирантурасына түсті. Онда «Социалистік қоғамда саяси идеологияның маңызы және функциялары» деген тақырыпта диссертация қорғады. Артынан КСРО Жоғары аттестациялық комитеті доцент деген ғылыми атақ берді. 

Қ.Зағыпаров 1973 жылы Павлодар педагогикалық институтына (қазіргі Марғұлан Университеті) аға оқытушы болып қабылданып, 1975 жылы кафедра меңгерушісіне сайланды. Міне, содан басталған ұстаздық жолында жүздеген шәкірт тәрбиелеп, талай ғылым докторларын дайындады. Ұлағатты ұстаз еңбек демалысына шықса да өзі қызмет еткен қара шаңырақпен байланысын үзбей, іс-шаралардың барлығына қатысып отыратын еді. Жылдар бойы жинаған тәжірибесін біздің ұстаздар мен студенттерге бөлісуден ешқашан жалыққан емес. Біз де ағамызбен үнемі ақылдасып, қандай жұмыс бастасақ та кеңесін алып жүрдік.
Қазақта: «Жақсы аға - орман, жақсы іні – қорған» деген даналық сөз бар. Алдымызда асқар таудай қорған болып отырған ақылшы ағамыздың арамыздан алыстап кеткеніне әлі сене алар емеспіз. Марғұлан унивреситетінің ұжымы марқұмның отбасына, бала-шағасына және барша жақын туыстарына қайғырып көңіл айтады. Марқұмның иманы жолдас болып, жаны жәннат бақшасынан орын алсын!
 
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық  университетінің ұжымы.