«КҮМІС УНИВЕРСИТЕТ» БАҒДАРЛАМАСЫНЫҢ ЖАҢА МАУСЫМЫ БАСТАЛДЫ
14.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінің жанынан ашылған «Күміс университет» жобасының жаңа маусымы басталды. Зейнеткерлерге арналған оқу курсының ашылуына арналған дөңгелек үстелге ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысты.
- Өткен жылы оқу орын жанынан «Күміс университеті» бағдарламасын бастаған болатынбыз. Мұндай жоба бізде ғана емес, бүкіл елде бар. Сол тәжірибені қазақстандық жоғары оқу орындары да қолға алды. Биыл міне кезекті маусымы басталды. Осыған орай өздеріңізбен кездесіп, ұсыныс –пікірлеріңізді сұрауды жөн санадық. Өткен жылы да қатыстыңыздар, биыл да белсенді болуға шақырамыз. «Күміс университет» бағдарламасының мақсаты – зейнетке шыққан ата-әжелерге қолдау көрсету. Себебі, көбі зейнетке шыққаннан кейін үйде отырып қалады. Сондықтан, өздеріне қажетті дүниелерін үйренсін деген оймен осы жұмысты қолға алдық, - деді Жанбол Октябрьұлы.
«Күміс университет» жобасы ППУ қосымша білім беру институтының ұйымдастыруымен жүзеге асырылуда. Институт директоры Роза Жаеваның сөзінше, оған тек зейнет жасындағы адамдар қатыса алады.
- «Күміс университет» жобасы бірнеше бағыттарды қамтыған. Мысалы денсаулық және қауіпсіздік, цифрлық бағдарлама, арт-терапия, тілдік курстар, шахмат және тоғызқұмалақ үйрету бағыттары бойынша жұмыс жүргізіледі. Дәрістер университетте өткізіледі. Яғни, әңгімелер, тренингтер, теориялық және практикалық сабақтар, өзіндік жұмыстар түрінде өткізіледі. Қатысушы зейнеткерлер өзіне ұнаған курсты таңдай алады. Сонымен қатар, тыңдаушылардың ұсынысы мен қызығушылығы бойынша басқа да курстар құрылады, - деді Роза Райханқызы.
«Күміс университеті» бағдарламасының тыңдаушылары атанған зейнеткерлер де университет басшылығына алғыстарын білдірді.