Перейти к содержимому страницы.

КАБИДЕН ЗАҒЫПАРОВ СТУДЕНТТЕРМЕН КЕЗДЕСТІ

09.09.2022

Павлодар педагогикалық университетінің 60 жылдығы қарсаңында еліміздің білім беру жүйесінің дамына зор үлес қосқан педагог, ғалым, ұлағатты ұстаз, профессор, философия ғылымдарының кандидаты Кабиден Фатқоллаұлы Зағыпаров Павлодар педагогикалық университетінің бірінші курс студенттері Нұрланұлы Ержан мен Волосеико Дарья және Александр Караченцев пен Жамет Замирамен кездесті. Келелі кеңес барысында жастарға өмірлік мәні зор тағылымдар мен өрелі ой айтты. Алдымен сөз басын білім алуға ұмтылудан бастады ардақты профессор. «Адам баласы қабір бесіктен, ағаш бесікке дейін білім алуы керектігін» тілге тиек еткен мәртебелі мейман, студенттерге философиялық мәні жоғары әңгімелерден мысалдар келтірді.

Жалпы, білім алу, іздену, ғылым жолында талай сындардан өту – адам баласын жігерлендіріп, қажыр-қайратын жани түсетіні сөзсіз. Сондықтан, ұлағатты ұстаздың студенттермен кездесуде қозғаған мәселелерінің тым терең, мың мағынасы бар десек те болады. Әсіресе, «қандай да бір биік белестерді бағындарған күннің өзінде адами құндықты сақта» - деген сөзінің өзінен көп ой түюге болады.

Сонымен қатар, дөңгелек үстел үстінде талқыланған тақырып соңы 1-курс студенттеріне бата берумен жалғасты. Аңқылдақ ақсақал Алатаудай тілегін ақтарып қана қоймай, оны жастарға түсінікті тілмен жеткізе білді. Сондай-ақ, болашақ жастардың қолында, бұл бағытта аянбай еңбек етіп, ғылым мен білімге терең бойлау керектігін қадап айтты.

Жиын соңында Қабиден Фатқоллаұлы Ертіс-Баян өңіріндегі ұстаздардың киелі қара шаңырағына айналған Павлодар педагогикалық университетінің ұжымын 60 жылдық мерейтоймен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.