ЖҰМАҒАЛИ НАУРЫЗБАЙДЫҢ «ҒҰМЫР-ДАСТАН» ЖИНАҒЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ
18.11.2022
Павлодар педагогикалық университетінде көрнекті ақын, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері Жұмағали Наурызбайдың «Ғұмыр-дастан» кітабының тұсаукесері өтті. Шараға ППУ проректоры Бауыржан Есенгелдин, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің деканы Анар Кәрімова қатысып, жаңа жинақтың тұсаукесер рәсімін жасады. Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Болат Құдайбергенұлы автордың жаңа жинағына енген өлеңдеріне талдау жасап, Жұмағали Наурызбайдың өмірі мен шығармашылығы жөнінде мол мағлұмат берді.
- Жұмағали Жөкейұлы елімізге белгілі ақын және Қоғам қайраткері. Өзінің өмірінде ұзақ жыл ректор болып қызмет етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Мен ол кісіні студент кезімнен білемін. Төртінші курста оқып жүрген кезімде Жезқазғанда үлкен бір конференция қатыстым. Сол жиында Жұмағали ағамыз Ұлы тауға арналған өлеңдерін оқып, кейінгі жас буынға өзінің ұлағатты әңгімесін айтқан еді. Жұмағали Наурызбайды еліне еңбегі сіңген және соңына мол мұра қалдырған ақындар қатарына жатқызуға болады. Жаңа кітапты біздің университеттің оқытушылары мен студенттері де оқиды деген сенімдемін, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Шара барысында университет студенті Камила Ескенова қазақтың қоңыр үнді көне аспабы қобызбен Абайдың әндерін орындады. Сонымен қатар, Айгүл Зейнулла, Сымбат Құрманбай, Нұр Дәулетқан, Сайрам Рысбек, Айша Еркен сынды студенттер ақынның өлеңдерін оқып, жиналған жұртты поэзия нәрімен сусындатты.
Жұмағали Жөкейұлы Наурызбай 1949 жылы 21 қазанда Жезқазған қаласында дүниеге келген. 1972 жылы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология және химия факультетін, 1998 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің заң факультетін тамамдаған.Көп жыл Ө.А.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетінің ректоры қызметін атқарған. Ақынның «Ұлттық мектептің ұлы мұраты» (1995), «Ұлттың ұлы бола алсақ» (1997), «Өмір қақпасы» (2000), «Махаббат киесі» (2002), «Ғашықтық – бақыт» (2003), «Лағындай ерке киіктің» (2004), «Күз – көңіл» (2006), «Тұлғалар туралы толғаныс» (2006) сияқты жыр жинақтары мен кітаптары жарық көрген.