Перейти к содержимому страницы.

ЖОҒАРЫ ОҚУ ОРЫНДАРЫНЫҢ БІЛІМ АЛУШЫ ЖАСТАРЫН ӘЛЕУМЕТТЕНДІРУ ВЕКТОРЛАРЫ

25.08.2023

2023 жылдың 24 тамызында Астанада Astana IT University-де Жоғары білім және ғылым форумы аясында “ЖОО-ның білім алушы жастарын әлеуметтендіру векторлары” атты панельдік сессиясы өтті. Сессия модераторы - Абылайхан Ақерке, Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары.

Панельдік сессияға қатысушылар студенттік спортты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты әзірлеу, білім алушылардың интегралды, әлеуметтік GPA-ны оқу процесіне енгізу, студенттер кеңесінің жұмысы және жастардың деструктивті мінез-құлқының алдын алу мәселелерін талқылады.

Студенттік спортты дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Мұхтар Есқалиев өз сөзінде студент-спортшылардың моральдық-физикалық денсаулығы олардың барлық деңгейдегі жарыстарда бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын маңызды фактор екендігін атап өтті.

Сонымен қатар, студенттік омбудсмен, "Жастар" ҒЗО директоры Айсұлу Ерниязова өз баяндамасында студенттік өмір мен студенттерді әлеуметтендіру мәселелерін шешуде омбудсмендер институтының маңыздылығына тоқталды.

Панельдік сессияның екінші бөлімі студент жастар арасындағы нашақорлық мәселесіне және студент жастармен тәрбие жұмысын ұйымдастыруға арналды.

Панельдік сессия қорытындысы бойынша қатысушылар жоғары оқу орындарының студенттерін әлеуметтендіру және тәрбие мәселелері бойынша үздік тәжірибелермен алмасты.