ЖОҒАРЫ БІЛІМ БЕРУДІҢ 2023 ЖЫЛҒЫ ЖАҢА МІНДЕТТЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
10.01.2023
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде 6 қаңтарда Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім министрлігінде өткен Кеңейтілген алқа мәжілісінің материалдарын түсіндіру мақсатында құрылымдық бөлімше басшыларына, декандарға, декан орынбасарларына, оқу бағдарламалары меңгерушілеріне арналған Ғылыми-әдістемелік семинар өтті.
Павлодар педагогикалық университетінің ректоры Жанбол Жилбаев алқа жұмысының нәтижелеріне тоқталып, министр Саясат Нұрбектің білім сапасын нығайту бойынша 2023 жылға арналған Қазақстанның жоғары оқу орындарының алдына қойған міндеттеріне тоқталды.
Министр еңбек нарығындағы мамандарға сұранысқа қатысты бірқатар маңызды міндеттерді атап өтті. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарының базасында «Жаңа мамандықтар атласын» зерттеу негізінде «Мамандығым-болашағым» жобасы әзірленіп, іске қосылады. Оған еліміздің 20 жоғары оқу орны қатысады. Павлодар облысы бұл жоба пилоттық нұсқада жүзеге асырылып жатқан бес облыстың бірі.
ППУ Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин университет ғылымын жаһандық тенденциялар негізінде дамытудың басым міндеттеріне кеңінен тоқталды. «Университетіміздің ғалымдары аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуының қажеттіліктерін ескере отырып, ғылыми жобалар мен зерттеулер жасауы қажет. Ол үшін жүйелі негізде зияткерлік өнімді тұтыну нарығына маркетингтік талдау жүргізіп, ғылыми әзірлемелерді жарнамалауды ұйымдастыру қажет», - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ольга Андрющенко жоғары оқу орындарының оқу қызметі тұрғысынан министрлік алға қойған негізгі міндеттерге тоқталып, кәсіби бақылауды ұйымдастыру мен жүргізудің жаңа ережелеріне, қызметкерлердің біліктілік талаптарына сәйкестігіне, тәуекел критерийлеріне және тағы басқа мәселелерге тоқталды.
Ғылыми-әдістемелік кеңестің қорытындысы бойынша университеттің құрылымдық бөлімшелері мен жоғары мектептердің басшыларына нақты тапсырмалар берілді.