«ЖЕРГЕ ДЕГЕН МАХАББАТПЕН» АТТЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯ ӨТТІ
20.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінде Республика күніне орай «Жерге деген махаббатпен» акциясы өтті.
Іс-шараны «Жасыл ел» студенттік еңбек жасағы мен Жаратылыстану ғылымдары жоғары мектебі ұйымдастырды. Акция аясында университет ауласына 28 түп ағаш отырғызылды. Оған ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысты.
Алдымен студенттермен кездесу өтіп, оған «Жерге бақ сыйла» қоғамдық қорының төрағасы Юрий Гашек арнайы келіп, «Жердің болашағы біздің қолымызда» тақырыбында лекция оқыды. Яғни, экологияны қорғау, табиғатты аялау, жас көшеттерді өсіру және баптау жұмыстарын түсіндірді. Сонымен қатар, Юрий Львович университетке сыйлық ретінде ағаш көшеттерін тегін әкелді. Ол өзінің жеке орман питомнигінде шырша, қарағай, қайың, алма ағаштарын өсіретінін айтты. Питомниктен көшет алған әрбір адам ағаш отырғызып, оған күтім жасауы керек.
-Жер ананың лайықты ұлдары болу – үлкен бақыт. Біз жерге сүйіспеншілікпен қарау-бізге міндет. Оның жасыл қорын үнемі толықтырып отыруымыз керек. Сонымен қатар, кез-келген адам біреуден алған қарызын қайтарады. Сол секілді біз де жер анадан алған бақытымызды махаббатпен қайтаруымыз керек, - деді Юрий Львович.
Студенттер құрметті қонақпен бірге көшеттерді отырғызды. Юрий Гашек жастарға ағаштар өліп қалмас үшін оларды қалай дұрыс отырғызып, күту керектігін түсіндірді. Кездесу соңында ұстаздар мен студенттер қонаққа ұсынылған көшеттер мен өте пайдалы дәрісі үшін алғыстарын білдірді.