Перейти к содержимому страницы.

ЖАЗҒЫ АҒЫЛШЫН ТІЛІ МЕКТЕБІ ЖҰМЫСЫН БАСТАДЫ

19.06.2023

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы жанынан жазғы ағылшын тілі мектебі өз жұмысын бастады. Мұнда университет қызметкерлерінің балалары үшін ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік берілді. Атап айтқанда 10-15 жас аралығындағы мектеп оқушылары жоғары білікті ұстаздардан сабақ алып, ағылшын тілі бойынша білімдерін жетілдіруге жағдай жасалды.

«Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Әлия Жолдыбаеваның айтуынша, университет оқытушылары жазғы мектепті демалыс лагері типінде өткізеді. Яғни, тек сабақ өтіп қана қоймай ойын алаңында қызықты шаралар ұйымдастырады.
-«Әріптестеріміз оқушылардың ағылшын тілінен білімдерін шыңдап қана қоймай, олардың жазғы демалыстарын көңілді өткізуі үшін де барлық жағдай жасауға тырысамыз», - деді Әлия Сәдуқызы.

Ағылшын тілі мұғалімдері оқушыларды қызықтыру үшін әртүрлі ойын-сауыққа негізделген әдістемелерді қолданатынын айтады. Қызықты, интерактивті түрде балалар лексика мен грамматикадағы конструкцияларды зерттейді және қайталайды, белсенді жаттығулар орындайды, ағылшын тілінде ашық ойындар ойнап, сөйлеу және тыңдау дағдыларын шыңдайды.