ЖАСТАРДЫҢ АЗАМАТТЫҚ БЕЛСЕНДІЛІГІ ӨЗГЕРІСТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ
20.02.2026
Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті базасында депутаттық корпус өкілдері мен қалалық Қоғамдық кеңес мүшелерінің студент жастармен кездесуі өтті.
Кездесуге Павлодар қаласының Қоғамдық кеңесі мүшелері Мұрат Ксембаев, Жанар Чапибаева, Нұрсұлтан Бисенбаев қатысты. Ашық диалог барысында тараптар өзекті қоғамдық-саяси мәселелерді талқылап, пікір алмасты және студенттердің ұсыныстарын тыңдады.
Тарихшы Жанар Чапибаеваның баяндамасы ерекше қызығушылық тудырды. Ол Ата заңға енгізілетін реформаның негізгі жаңашылдықтарына жан-жақты тоқталып, олардың жас ұрпақты қолдау мен дамытудағы маңызын атап өтті. Сонымен қатар спикер «Толық адам» тұжырымдамасының мәніне назар аударды. Бұл – білімді, жауапкершілігі жоғары, рухани-адамгершілік құндылықтары берік жан-жақты тұлға қалыптастыру идеясы. Оның айтуынша, жаңартылған Конституцияда ел дамуына үлес қоса алатын белсенді әрі саналы азаматтарды тәрбиелеуге бағытталған қағидаттар көрініс тапқан.
Мұрат Ксембаев жастардың азаматтық белсенділігінің маңыздылығына тоқталып, студенттерді Жаңа Қазақстан үшін саналы таңдау жасап, референдумға қатысуға шақырды.
– Ел болашағы сіздерге байланысты. Сондықтан шет қалмай, мемлекет тағдыры мен өз болашақтарыңыз үшін жауапкершілік алу маңызды, – деп атап өтті ол.
Еске салайық, конституциялық реформа бойынша республикалық референдум Қазақстанда 15 наурыз күні өтеді.







