Перейти к содержимому страницы.

ЖАСТАР ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ҚОЗҒАУШЫ КҮШІ

30.05.2022

Референдумның маңыздылығы мен қажеттілігі туралы жастар аудиториясына көп айтылуы керек. Себебі, маңызды саяси науқанда олардың белсенділігі ауадай қажет. Яғни, жастар Жаңа Қазақстанның қозғаушы күші болуы керек. Бүгін Павлодар педагогикалық университетіне «Amanat» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанаты төрағасының орынбасары Айсұлу Ерниязова келіп, студенттермен кездесіп, республикалық референдумның маңыздылығы жайлы түсіндірді.

-Қазақстанның Конституциясы 1995 жылы бекітілгенін жақсы білесіздер. Бұл содан бері өтіп жатқан үшінші референдум. Жалпы, конституцияда 98 бап болған болса, биыл соның 33-іне 56 өзгеріс енгізіледі деп жоспарлануда. Сондықтан, барлығымыз белсенді қатысуымыз керек. Бірақ, барған соң «иә» дейсіздер ме, «жоқ» дейсіздер ме, ол өздеріңіздің жеке құқыларыңыз. Біздің міндетіміз Ата заңға қандай өзгеріс енгізілетіні туралы түсіндіру, - деді Айсұлу Ерниязова.

Өз кезегінде студенттер де референдумға белсенді қатысып, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы саяси науқанның нәтижелі өтуіне өз үлестерін қосатындарын жеткізді. Яғни, 5 маусым күні өтетін республикалық референдумнан қалмаймыз деп уәде берді.
-5 маусым күні өтетін республикалық референдумға мен де барып, өз даусымды беремін. Себебі, еліміздің Ата заңына мұндай өзгертулер мен толықтырулар ауадай қажет. Бұл еліміздің кемел келешегі мен жастардың жарқын болашағына бағытталған аса маңызды қадам, өте сәтті таңдау. Сондықтан, барша замандастарымды Жаңа Қазақстанды бірге құруға шақырамын, - деді ППУ студенті Гүлжанат Кемелбек.