Перейти к содержимому страницы.

ЖАСТАР ІСІ ЖӨНІНДЕГІ КЕҢЕСТІҢ ІІІ ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

23.11.2023

Алматыдағы Cәтбаев Университетінде ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек  министрлік жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңес өкілдерімен кездесті.  Шара Жастар ісі жөніндегі кеңестің  ІІІ отырысы аясында ұйымдастырылды. Кездесуге Республикалық студенттер кеңесінің мүшелері, Қазақстан студенттері альянсының аймақтық төрағалары, студенттік өзін-өзі басқару ұйымдарының белсенділері және аймақтық студенттік омбудсмендер қатысты. Оған Марғұлан университетінің атынан Студенттік Парламент президенті Аян Давлетяров және Студенттік Парламент вице-президенті Замира Жамет қатысты.

 Кездесу барысында министр белсенді жастардың алдында сөз сөйлеп, студенттік шақ адам өмірінің ең маңызды кезеңі екенін атап өтті. Өйткені бұл студенттердің оқуда, ғылымда, қоғамдық өмірде және стартап жобаларда өзінің потенциалын жүзеге асыратын уақыт.

 «Құрметті студенттер, бүгін сіздерде өз-өздеріңізді жан-жақты дамыту үшін барлық ресурстар мен мүмкіндіктер бар. Біздің жастар өте шығармашыл, талантты, білімді екенін айта кету керек. Сол білімді дұрыс жолға бағыттап, одан ақпараттық әрі сапалы контент жасау керек. Соңғы жылдары қазақстандық жас ғалымдар тамаша ғылыми жетістіктерге қол жеткізіп, өмірдің әртүрлі салаларында жаңалықтар ашты. Біздің міндетіміз – сіздерге, студенттерге өз әлеуеттеріңізді іске асыруға, бойдағы таланттарыңыз бен шыққан ғылыми нәтижелерді қалың жұртшылыққа таныстыруға барынша жағдай жасау», - деді Саясат Нұрбек.