ЖАС СУРЕТШІЛЕР УНИВЕРСИТЕТ АУЛАСЫН ҰЛТТЫҚ НАҚЫШТА БЕЗЕНДІРУДЕ
06.06.2024
Марғұлан университетінің оқытушылары мен студенттері ұлттық спорт ойындарын жан-жақты насихаттап келеді. Бұл жолы жас қылқалам шеберлері университет ауласындағы ғимараттың қабырғасын көркемдеп бояуға кірісті. «Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасының оқытушысы Индира Ғадылбекқызының сөзінше, ғимаратты бояу жұмысына бірінші, екінші, үшінші курс студенттері қатысуда. Олар қабырғаға ұлттық спорт түрлерінен бәйге, асық ату, садақ ату және қазақ күресін бейнелеуде. Суреттердің жан-жағы қазақтың қошқар мүйіз оюымен өрнектелген. Қабырға бояуының негізгі элементі ретінде университет логотипінің брендтік түсі таңдалып алынды.
-Жұмыстарды дүйсенді күні бастдық. Алдымен қабырғаны әрлеп, одан кейін сурет салуға кірістік. Мақсатымыз – халқымыздың ұлттық cпорт түрлерін дәріптеу. Себебі бұл жер қызметкерлердің, студенттердің және келген қонақтардың көзіне көп көрінеді. Ал мұндай алаңдардан ұлттық құндылықтарымыз көзге ұрып тұрса керемет емес пе, - дейді «Көркем еңбек, графика және жобалау» білім беру бағдарламасының екінші курс студенті Алтынай Шорабаева.