«ЖАС ҒАЛЫМ» ЖОБАСЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ
13.10.2022
Павлодар педагогикалық университетінің екі оқытушысы «Жас ғалым» жобасы аясында гранттық қаржыландыру конкурсының жеңімпазы болды. Олар – педагогика жоғары мектебінің оқытушы-сарапшылары Әсемгүл Калимова мен Гүлдана Юсупова. Әсемгүл Калимованың ұсынған тақырыбы «Бастауыш сынып мұғалімдерін кіріктірілген оқытуға даярлау». Жоба авторы Әсемгүл Калимованың сөзінше, оқу бағдарламасы жаңартылған білім беру маззмұнына негізделген.
-Осы жоба бойынша алдағы уақытта онлайн оқыту курстарын өткізу, оқу құралдарын дайындау, электронды оқу құралдарын жасақтау, бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алатын студенттерге әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары жүргізіледі. Жобалық зерттеулердің нәтижелерін отандық және шетелдік жоғары кәсіптік білім беру жүйесінде, сондай-ақ ЖОО оқытушылары мен бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған ғылыми-әдістемелік конференциялардың оқу іс-әрекетінде пайдалануға болады, - деді ол.
Юсупова Гүлдана Қайратқызы – Абай атындағы ҚазҰПУ-дың докторанты, жобаның теориялық және практикалық қолдауына қол жеткізуде нәтиже беретін болашағы зор жас ғалым. Бұл жобаны жазудағы басты мақсаты - университет студенттерінің өзін-өзі тәрбиелеуге дайындығының мәні мен құрылымын ашу, құрылымдық-функционалдық модельді әзірлеу, жобалау қызметі арқылы болашақ мұғалімдердің өзін-өзі тәрбиелеуге дайындығын қалыптастыруға ықпал ететін педагогикалық жағдайларды теориялық анықтау.