ЖАҢА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ЖОБА ІСКЕ АСЫРЫЛДЫ
15.05.2024
Соңғы жылдары елдер арасындағы ғылым мен технология саласындағы әріптестік мүмкіндіктері қарқынды дамып келеді. Мысалы, жақында Қазақстан мен Тәжікстан арасында білім және ғылым саласындағы екіжақты ынтымақтастыққа қол қойылды. Осы ынтымақтастық шеңберінде «Қазіргі білім берудегі креативті ойлау» тақырыбында монография шығару бойынша жоба іске асырылды.
Жоба авторлары – профессор, Тәжікстан Ғылым академиясының академигі Г.М.Бобизода және Марғұлан университетінің педагогтары - А.М.Утилова, Т.Ж.Шакенова,З.Ш.Шавалиева. Монографияны Тәжікстан Ғылым Академиясының академиялық кеңесі басып шығаруға ұсыныс білдірді.
Бұл ғылыми зерттеуде авторлар білім алушылардың шығармашылық ойлауын қалыптастыру мен дамытудың негізгі тетіктері мен әдіс тәсілдерін ашады. Ол таңдау курстарында шығармашылық ойлау дағдыларын қалыптастыруға бағытталған сабақтар өткізетін мектеп мұғалімдеріне арналған.
Осы монография бойынша әзірленген "Дивергентті ойлауды қалыптастыру және дамыту" курсы Павлодар қаласының кейбір мектептерінің оқу-тәрбие процесіне енгізіледі. Дайындық жұмыстары Тәжікстанның орта оқу орындарының білім беру процесіне курсты жүзеге асыру бойынша жүргізілуде.