Перейти к содержимому страницы.

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАНДЫ БІРГЕ ҚҰРАЙЫҚ

17.05.2022

Референдум – ел тарихында ойып тұрып орын алатын кезең. Соңғы рет осыдан 27 жыл бұрын жүзеге асырылған Ата заңдағы өзгерістер тағы бір мәрте талқыға түспек. Әлбетте, мұндай ілкімді істе елдің әр азаматы белсенділік танытуы керек.

Қазіргі таңда референдум аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы штаб құрылып, іске білек сыбана кірісіп кетті. Мамандар өңір-өңірді аралап шараның маңыздылығын түсіндіріп жүр. Осы ретте өоғам белсендісі, «Қағандық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Облыстық ақпараттық-ағарту бөлімінің басшысы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі арнайы мониторингтік топтың мүшесі, Павлодар қаласы әкімінің сыбайлас жемқорлық мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Еркеғали жанғазы Павлодар педагогикалық студеттерімен галстуксыз кездесу өткізіп, заңдағы өзгерістер мен толықтарулардың маңыздылығын айтты. Мұндағы мақсат: жастарды референдумға қатысуға шақыру. Еске сала кету керек, түсіндіру жұмыстарымен айналысатын тұлғалар мәжбүрлі түрде дауыс беруге үгіттеуге құқығы жоқ.

Келелі кеңеске келген жастар көкейкесті сауалдарын ортаға салды. Мәселен, Павлодар педагогикалық университетінің жастар саясаты жөніндегі департаментінің басшысы Мадина Құсманова қай уақытта да өзектілігін жоғалтпайтын жас мамандарды жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Әрине, бүгінгі таңда мамандығы бар жұмысы жоқтар көп. Аталмыш референдум осы іспетті проблемаларды шешуге, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталғанын естен шығармау керек.