Перейти к содержимому страницы.

ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН - ЖАҢАРТЫЛҒАН КОНСТИТУЦИЯ: СІЗДІҢ ДАУСЫҢЫЗ МАҢЫЗДЫ!

17.05.2022

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде аса маңызды саяси оқиғалар арқылы жаңа қадамдарға  жол ашылуда.  Соның бірі-Конституцияның кейбір баптарына енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар.  Алайда мұның барлығын шешетін халық. Сондықтан, 5 маусым күні өтетін республикалық референдумға барып, дауыс беру әр азаматтың парызы.

Павлодар өңірінде республикалық референдумды түсіндіру жөніндегі қоғамдық штап құрылып, аталған саяси науқанның маңыздылығын түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған штап құрамында Павлодар педагогикалық университетінің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев та бар.

Бүгін республикалық референдумды түсіндіру жөніндегі штаптың өкілдері Екібастұз қаласы Төртүй ауылдық округіне барып, Төртүй және Тай ауылы тұрғындарымен кездесті. Құрамында ППУ тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Болат Құдайбергенұлы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қанат Қанафин, Екібастұз қалалық мәслихатының депутаты Манат Алғамбаров,  Төртүй ауылдық округінің әкімі Жанат Ибраев,«Jas Otan» жастар қанатының Екібастұз филиалының төрағасы Еркін Құсан сынды азаматтар референдумға қатысудың маңыздылығын айтып, тұрғындардың сұрағына жауап берді.

Жалпы, қазіргі қолданыстағы Ата заң 98 баптан тұрады. Алдағы референдум аясында соның 33 бабына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі деп күтілуде. Кездесу барысында Ата заңның жаңа редакциясына енгізілген негізгі баптарға жеке-жеке тоқталып, жалпы халық үшін қаншалықты маңызды болатынын атап өтті.

Сонымен қатар, ауыл тұрғындары да өз пікірлерін айтып, референдумда өз дауыстарын беретінін жеткізді.

-Менің ойымша референдум арқылы Ата заңға өзгеріс енгізу - халықтың қалауы. Мұны нағыз демократияның бастауы деп білуіміз керек. Әсіресе, Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Супер президенттік» жүйеден бас тартып, Парламенттік басқаруға көшуіміз керек» дегені ұнады. Сондықтан барлық ауылдастарымды референдумға қатысып, дауыс беруге шақырамын,- деді ауыл ақсақалы Зарлық Саржанов.