Перейти к содержимому страницы.

ЖАҢА ИННОВАЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

18.01.2023

Марғұлан университетінің гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебі «Тарих» білім беру бағдарламасының профессор-оқытушылар құрамы әзірлеген жаңа инновациялық «Интерактивті тарих» білім беру бағдарламасы талқыланды. Аталған бағдарлама жетекшісі Б.Абдрахманов инновациялық оқу бағдарламасын таныстырды. Жиынға қалалық №2 орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Ж.Б.Шарденова, қалалық №46 орта мектебі директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары М.Қ.Нәжіпов, облыстық дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы қазақ гимназия-интернатының тарих пәні мұғалімі Ж.Т.Кәрімжан қатысты. Сондай-ақ, «Тарих» білім беру бағдарламасының докторанттары және магистранттары А.Р.Түсіпов, С.А. Шәріпова, Д.Қ.Жүнісовалар да болды.

Жұмыс берушілер ұсынылған білім беру бағдарламасының инновациялық сипатын атап өтіп, пәндік компонентін жетілдіру және бағдарламаны еліміздің жоғары білім беру жүйесіне енгізу қажеттілігі туралы ой-пікірлерін білдірді.

Сонымен бірге, талқыға түскен «Тарих және ағылшын тілі» білім беру бағдарламасы бойынша қатысушылар оң пікір танытты. Бұл бағдарламаның заман талабына сай педагогты қалыптастыруға және аудандар мен ауылдарда, әсіресе, шағын жинақы мектептердегі кадрлар тапшылығын шешуге септігін тигізетінін айтты. Пәндік контентін оңтайландырып, оқыту нәтижелерін толықтыру бойынша ұсыныстар жасалды.

Сонымен қатар, Жадыра Боранғазықызы қосымша білім беру педагогтарын даярлаудың қажеттілігіне ерекше тоқталса, Сәуле Асаинқызы бүгінде дебаттық қозғалыстың қарқынды дамыту жағына көңіл бөлуді ұсынды.