«IT JUNIOR» ХАКАТОН БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ
12.12.2022
Бүгін Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «IT Junior» Хакатон байқауының финалдық кезеңі өтті. Іріктеуден өткен 23 команда өздерінің жобаларын таныстырып, үздіктер қатарынан көріну үшін мықтылықтарын көрсетті.
Ұйымдастырушылардың сөзінше, Хакатон байқауына жалпы 54 команда өтінім берген. Байқау 4 кезеңнен тұрады. Кеше өткен онлайн іріктеудің қорытындысы бойынша 23 команда финалға шықты. Финалдық кезеңде олар өз прототиптерін көрсетіп, қазылар алқасының алдында жасаған жобаларын жоғары деңгейде қорғап шықты.
Ал Хакатон жеңімпаздарын марапаттау рәсіміне Павлодар педагогикалық университетінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі проректоры Жарқын Русланұлы, ІТ кәсіпкер, жоба демеушісі Евгений Фоменко қатысып, жеңімпаздарды құттықтады. Айта кету керек, кәсіпкер Евгений Фоменко мен Максим Писегов осы жобаға қаржылай қолдау көрсетіп, 1,7 млн. теңге қаражат бөлді.
- Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде алғаш рет Хакатон сайысы өтті. Сайысқа барлығы 50-ден астам команда қатысып, оның 23-і финалдық кезеңге өтті. Солардың арасындағы ең мықтылары жеңімпаз атанды, құттықтаймын, - деді жарқын Русланұлы.
Хакатон байқауына Павлодар облысындағы мектеп, колледж және жоғары оқу орын студенттері қатысты. Қазылар алқасының шешімі бойынша Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушыларынан құрылған «Көз тимесін» командасы жеңіп алып, 1 млн. теңгенің сертификатын еншіледі. 2 орын Торайғыров университетінің студенттеріне бұйырса, үшінші жүлдені Павлодар қаласы №3 гимназия-интернатының оқушылары алды.
- Біз осы байқауға футбол жаттығуына қатысты жоба жасадық. Бұл негізінен жаттықтырушылар жетіспейтін алыс ауылда тұратын оқушыларға қажет. Біздің жобаны «Play market» қосымшасынан кез-келген смартфонға жүктеп алуға болады. Мұнда қолданушылардың мотивациясын арттырып, футбол алаңындағы шеберлігін шыңдауға бағытталған түрлі дағдылар қарастырылған, - дейді команда капитаны Шахназар Сайлаухан.
ППУ жаратылыстану ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Дария Абыкенованың сөзінше, Хакатон жобасын ұйымдастыру алдағы уақытта Павлодар педагогикалық университетінде жыл сайынғы дәстүрге айналуы мүмкін.
-Үздік хакатон жобасы жас футболшыларға марапаттау және геймификация жүйесі жетілдірілген футбол шеберлігін арттыруға мүмкіндік беретін мобильді қосымша болды. Екінші және үшінші орындарды кептелістерді шешу жолдарын ұсынған жас бағдарламашылар иеленді. «Ақылды бағдаршамның арқасында командалар қиылыстардың өткізу қабілетін 2,5 есеге дейін арттыра алды. Сондай-ақ орташа жол жүру уақытын 20%-ға дейін қысқартты!», – дейді Дария Болатқызы.