Перейти к содержимому страницы.

ИСЛАМ ДІНІНІҢ ҚАЗАҚ ЖЕРІНЕ ТАРАЛУЫ

03.04.2025

2025 жылы 2 сәуір күні Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Ислам дінінің қазақ жеріне таралуы» атты ашық дәріс өткізілді. Бұл шараның мақсаты – ислам дінінің тарихын, оның қазақ қоғамындағы рөлін және қазіргі заманғы діни ағымдарды талқылау болды. Дәріскерлер – тарих ғылымдарының кандидаты, гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің қауымдастырылған профессоры Зият Шайманұлы Айткенов және Болат Құдайбергенұлы ислам дінінің қазақ жеріне таралу тарихына тереңірек тоқталды.

Олар ислам дінінің Қазақстанға келу кезеңдерін, оның мәдениет пен қоғамға әсерін, сондай-ақ қазақ халқының рухани өміріндегі маңызын жан-жақты талқылады. Дәріс барысында исламның қазақ халқымен байланысы, дәстүрлі ислам мен қазақтың ұлттық дәстүрлері арасындағы өзара ықпалдастық мәселелері де қарастырылды.

Шараға қонақ ретінде шақырылған Екібастұз мешітінің наиб имамы Дидар Мұратұлы ислам дініне қатысты маңызды ақпараттар беріп, қазіргі қоғамдағы діннің рөлі, дәстүрлі және дәстүрлі емес діни ағымдарға қатысты мәселелерді көтерді. Ол радикалды ағымдардың теріс әсерін баяндап, жастардың діни сауаттылығын арттыру қажеттілігіне назар аударды. Имам Дидар Мұратұлы діннің адамгершілік, ізгілік және рухани құндылықтарды насихаттаудағы рөлін атап өтті.

Дәріске «Тарих» білім беру бағдарламасының 1 және 2 курс студенттері белсенді қатысып, дәріскерлермен пікір алмасып, сұрақтар қойды. Студенттер үшін бұл дәріс өз білімдерін тереңдетуге, дін тарихын жақсы түсінуге және қазіргі заманғы діни мәселелер туралы ақпарат алуға мүмкіндік берді. Шара соңында қатысушылар ислам діні мен қазақ мәдениеті арасындағы байланысты нығайту, жастар арасында діни сауаттылықты арттыру бағытында жұмыстар жүргізудің маңыздылығын атап өтті.