ИНТЕРАКТИВТІ БІЛІМ БЕРУ ҚАРҚЫНЫ ҰЛҒАЙДЫ
14.01.2021
ППУ Жаратылыстану жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы облысымыздың жалпы орта білім беретін мектептерімен жұмыс істеуде. Білім беру мекемелеріндегі мұғалімдер мен оқушылардың білім сапасын арттыру мақсатында Жаратылыстану жоғары мектебінің инновациялы, озық тәжірибелі оқытушылары шеберлік сағаттарын ұйымдастыруда. Осы орайда Ақсу және Екібастұз қалаларының бірқатар мектептерімен онлайн семинар отырыстары өткізілді.
Сондай кездесулердің бірі – Ақсу қаласының дарынды балаларға арналған мамандандырылған гимназиясы ұжымымен ZOOM платформасы арқылы ұйымдастырылды. Семинар тақырыбы облыстық география пәні мұғалімдеріне арналған «Картография мен топографиядан практикалық тапсырмалар» төңірегінде өрбіді.
Семинар барысында Павлодар педагогикалық университетінің география кафедрасының аға оқытушысы Мұрабек Омаров топографиялық карта, карта масштабы, масштаб түрлері, топографиялық картаны парақтау, номенклатура, топографиялық картада практикалық есептер жөнінде мазмұнды мағлұматтар келтіріп, құнды тәжірибесімен бөлісті. Алдағы уақытта да Жаратылыстану жоғары мектебінің жалпы білім беретін мектеп, колледж ұжымдарымен семинарлар өткізу жоспары бар.
ППУ Баспасөз қызметі