ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
11.10.2024
Бүгін Марғұлан университетінде Моңғолия ұлттық білім университеті өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтіп, онда қазіргі педагогика мәселелері кеңінен талқыланды. Жиынға Марғұлан университетінің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин, педагогика жоғары мектебінің профессор-оқытушылар құрамы қатысты. Кездесу барысында инклюзивті білім беру, еркше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мәселелері көптеп талқыланды.
-Марғұлан университетіндегі ғылыми жобалардың барлығы педагогикалық білімді зерттеуге бағытталған. Соның ішінде көбісі инклюзивті білім беруге байланысты көптеген жобалар бар. Сонымен қатар, биологиялық зертханаларды онлайн форматқа енгізу жайлы бір жоба жүргізіп жатырмыз. Ал информатика пәнін ерекше білімді қажет ететін балаларға оқыту мәселелері де зерттелуде, - деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Моңғолия ұлттық білім университетінің ректоры Батбаатар Жамъянсурэнхалықаралық оқу орындармен бірлескен жұмыстарға, соның ішінде ерекше білім беруді қажет ететін балаларды оқыту мәселелеріне тоқталды.
- Соңғы бес жылда Жапония университетімен бірлесіп жұмыс жүргізудеміз. Көбінде балалардың ақауын анықтайтын жобаларға көңіл бөлінеді. Биыл сол жобаның екінші сатысы іске асырыулда. Оған медицина университетінің мамандары араласып, балалардың ойлау қабілетін зерттеу, дамыту бағдарламасы қолға алынды, - деді ол.
Кездесу барысында педагогика жоғары мектебінің профессорлары мен оқытушылары да өз тәжірибелерімен бөлісіп, ұсыныстарын ортаға салды.