Перейти к содержимому страницы.

ИНКЛЮЗИВТІ БІЛІМ БЕРУ БОЙЫНША ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

14.12.2023

Марғұлан Университетінде «Инклюзивті білім беру кеңістігін құрудың принциптері мен шарттары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференцияға АҚШ, Польша, Болгария, Беларусь, Түркия, Әзірбайжан және Ресейден халықаралық сарапшылар қатысты.

Марғұлан Университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин өзінің құттықтау сөзінде педагогикалық оқу орнының алдында қазіргі заманғы мұғалімдердің ойлау векторын өзгерту маңызды міндет екенін атап өтті.
«Оқу тәжірибесіне қойылатын заманауи талаптар теориялық және әдістемелік негіздерін қайта қарауға және жаңа білім беру технологияларын әзірлеуге алғышарттар жасайды. Олардың ішінде инклюзия принциптерін ұстану ерекше орын алады. Ол әр баланың өзіндік ерекшелігі бар, әр оқушының жаңа тәжірибе мен білім алудың өзіндік жолы бар деген ұстанымда негізделеді», – дейді Бауыржан Сатыбалдыұлы.

Ғылыми форум барысында АҚШ-тан келген ELF/English Language Fellow, MA TESOL оқытушысы Гада Рахман «Әртүрлі оқушыларды қолдау үшін оқытудың әмбебап дизайнын (UDL) қосу және қолданудың қиындықтары мен табыстары» баяндамасын ұсынды. Онда ол инклюзивті білім беруді жүзеге асыру мәселелеріне тоқталды.

Марғұлан Университеті педагогика жоғары мектебінің оқытушы-зерттеушісі, PhD докторы Айтолқын Дүзелбаева инклюзивті білім беру саласында жұмыс істейтін мұғалімдерді дайындау туралы пікірін айтты. Содан кейін «Инклюзивті білім беруде жұмыс істейтін мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін арнайы мұғалімдерді дайындау» гранттық зерттеу жобасы аясында алынған эксперименттік мәліметтермен бөлісті.

Баку мемлекеттік университетінің Bakı Şəhəri üzrə Təhsil İdarəsi оқытушысы, Баку қалалық білім басқармасының инклюзивті білім беру жөніндегі әдіскері Эсмира Казымова «Әзербайжандағы логопедия» тақырыбында баяндама жасады. Ол Әзірбайжандағы логопедияның тарихы, логопедтік білім алу мәселелері, оқу орындарындағы логопедтердің жұмысының ерекшеліктері, сөйлеу тілі бұзылған балалармен жұмыс істеу әдістері мен технологияларын қолдану туралы сұрақтарды ашып берді.

Ғылыми конференция көптеген елдердің ғалымдары үшін әртүрлі оқу қажеттіліктері бар балаларға диагностика жүргізу, оларды оқыту және дамыту бойынша кәсіби тәжірибемен және жаңа ғылыми жетістіктермен алмасу үшін диалог алаңына айналды.

Осылайша, инклюзивті білім беруді қолдау мәселелерін шешу үшін маңызды ғылыми-әдістемелік мәселелер шешіліп, балаларды инклюзивті кеңістікте оқыту мен тәрбиелеудің заманауи тәсілдерін іс жүзінде қолдану бойынша ұсыныстар жасалды.

Конференция қорытындысы бойынша инклюзивті білім беруді енгізудегі проблемалар мен қиындықтарды көрсететін резолюция дайындалуда. Атап айтқанда, инклюзивті білім беру принциптері, инклюзивті білім беру технологиялары мен оқыту әдістемесі, болашақ мұғалімдерді ерекше балалармен жұмыс істеуге дайындау әдістемесі әзірленбек.