Перейти к содержимому страницы.

ГОНКОНГ ҚАЗАҚСТАНҒА БАКАЛАВРИАТТА ОҚУҒА ГРАНТТАР БӨЛЕДІ

18.08.2023

Гонконгқа жұмыс сапары аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Гонконгтың білім хатшысы Чой Юклинмен және бірнеше жоғары оқу орындарының басшылығымен кездесті.

Министр Гонконгтың оқу гранттарын бөлу туралы және Қазақстанда гонконгтық жоғары оқу орнының филиалын ашу туралы бірқатар келісімдерге қол қойды.

Гонконгтың білім хатшысымен кездесуде министр Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім және ғылым жүйесін дамыту мақсатында Ғылым және жоғары білім министрлігі жүргізіп жатқан реформалар туралы айтты. Оның ішінде «Болашақ» және «500 ғалым» бағдарламалары, Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу туралы.

Өз кезегінде, Чой Юклин министрді Гонконгтың білім беру жүйесімен таныстырды. Тараптар ғылым және жоғары білім саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуді талқылады.

Кездесудің қорытындысы бойынша ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Гонконг білім бюросы арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Келісім шеңберінде тараптар білім беру саласындағы ынтымақтастықты көтермелеуге және ілгерілетуге, қазақстандық оқушыларға бакалавриатта оқуға гранттар бөлуге, ғалымдар, сарапшылар, студенттер, ЖОО профессор-оқытушылар құрамы және т. б. алмасуға жәрдемдесуге уағдаласты.


Сол күні, Саясат Нұрбек Hong Kong Polytechnic University (PolyU) президенті профессор Jin-Guang Teng-пен кездесу өткізді. Университет әлемдегі ең үздік оқу орындарының қатарына кіреді. Тараптар түрлі салалардағы ынтымақтастық туралы жемісті пікірталастар өткізді. PolyU басшысы университеттің негізгі жетістіктері туралы айтып, қазақстандық студенттердің дайындық деңгейі мен үлгерімін жоғары бағалады. Профессор елімізде осы ЖОО филиалын ашу мүмкіндігіне жоғары қызығушылық танытты.

City University of Hong Kong (CityU) сапары барысында ҚР ҒЖБМ мен университет арасында Стратегиялық әріптестік орнату бойынша өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Меморандумға сәйкес таланттар мен институционалдық ынтымақтастықты дамытуға, білім алмасуды кеңейтуге және Гонконг пен Қазақстан арасындағы мәдени байланысты нығайту бағытында жұмыс жүріледі.