ҒЫЛЫМИ-ЗЕРТТЕУ ДАҒДЫЛАРЫН ДАМЫТУ
11.12.2025
Марғұлан университеті “Тарих” білім беру бағдарламасының магистранттары мен докторанттарының кәсіби құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған оқу-тәжірибелік жұмысы аясында тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлфира Елубайқызы Өтепованың жетекшілігімен облыстық мұрағатқа оқу-экскурсиясы ұйымдастырылды.
Іс-шараның мақсаты – білім алушылардың деректанулық дайындық деңгейін арттыру, архив материалдарымен жұмыс істеу дағдыларын дамыту және болашақ педагог-зерттеушілердің кәсіби көзқарасын кеңейту.
Экскурсия барысында қатысушыларға мұрағат жүйесінің құрылымы, құжаттарды жинақтау, есепке алу және сақтау қағидаттары, сондай-ақ тарихи дереккөздермен жұмыс жүргізудің әдістемелік ерекшеліктері таныстырылды.
Мұрағат басшысының орынбасары Надежда Александровна Кубик білім алушыларға қорлар мен каталогтардың ұйымдастырылуы жүйесі, құжаттарға қол жеткізу тәртібі және зерттеушілерге арналған жұмыс мүмкіндіктері туралы жан-жақты ақпарат ұсынды. Сонымен қатар, арнайы ұйымдастырылған шолу экскурсиясы барысында қатысушылар нақты архив құжаттарын, картотекаларды және сақтау бөлмелерін көзбен көріп, олардың сақталу талаптарымен танысты.
Іс-шара оқу процесінің тәжірибелік маңызын арттырып, магистранттар мен докторанттарға архив ісінің мазмұны мен ғылыми-зерттеу жұмысындағы рөлін тереңірек түсінуге мүмкіндік берді. Экскурсия мазмұнды және танымдық атмосферада өтті. Қатысушылар мұрағат қызметкерлеріне көрсетілген ақпараттық қолдау мен кәсіби салаға тікелей ену мүмкіндігі үшін үлкен алғыс білдірді.

