Перейти к содержимому страницы.

«ҒЫЛЫМҒА АЛҒАШҚЫ ҚАДАМ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КОНКУРСЫ АЯҚТАЛДЫ

15.02.2023

Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде бастауыш сынып оқушыларының «Ғылымға алғашқы қадам» атты республикалық жобаларды зерттеу байқауының II туры өтті. Конкурстың басты мақсаты –дарынды балаларды қолдау, бастауыш сынып оқушыларының ғылыми зерттеуге ынталандыру. Сонымен қатар, мектеп мұғалімдері кеңінен пайдаланатын ғылыми жобалар жазу әдісін студенттер арасында насихаттау, олардың тәжірибесімен танысу, озық тәжірибені тарату және университет профессорлық-оқытушылар құрамы атынан бағалау, кеңес беру. Алдағы уақытта осы бағытта тәжірибе бөлісу алаңы ұйымдастырылады.

Осы конкурстың негізгі ұйымдастырушысы – «Бастауыш оқытудың педагогикасы мен әдістемесі» білім беру бағдарламасының оқытушы-сарапшысы Назгүл Рамазанова. Оның сөзінше, ғылыми шығармашылық конкурстың бірінші турына 40 оқушы қатысып, соның 7-уі ғана екінші кезеңге өткен. Жұмыстар Астана, Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мектептері оқушыларынан түсті. Жобаға ұсынылған жұмыстардың тақырыптары да әр алуан. Мәселен, «Павлодар қаласының көшелері мен өндіріс орындарының маңында отырғызған кәдімгі қарағайдың ауыр металдармен зақымдануы», «Пайдалы тәттілер: тәттілердің пайдасы мен зияны», «Сандар сыры», «Чупа-чупс кәмпитінің адам ағзасына әсері», «Лего ойындарының математика тақырыптарын меңгеруге тиімділігі» сынды тақырыптар қамтылды.

Айта кету керек, бұл жоба Марғұлан университеті мен Павлодар облысы білім беру басқармасы арасындағы құралған меморандум негізінде өткізілді.