ҒЫЛЫМ ОНКҮНДІГІ АЯСЫНДА 40-ТАН АСТАМ ІС-ШАРА ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ
25.04.2023
Ә. Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде жарияланған Ғылым Онкүндігі қорытындыланды. Сәуір айының 10-21 күндері аралығында өткен ғылыми декада барысында университет қабырғасында 40-тан астам іс-шара ұйымдастырылған. Онкүндіктің қорытынды жиынына университеттің басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қатысып, оқу орынның ғалымдар қауымына алғысын білдірді.
- 12 сәуір ғылым саласы қызметкерлері күні. Бұл күн Қазақ Ғылым Академиясының тұңғыш президенті, ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың туған күніне сәйкес таңдалғаны баршаңызға белгілі. Жыл сайын елімізде ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай түрлі шаралар ұйымдастырылады. Биылғы жылы да көптеген іс-шаралар өтті. Соның ішінде Ғылым және жоғары білім министрлігі Астана және Алматы қалалрында ректорлар мен ғылым жөніндегі проректорлардың қатысуымен ғылыми семинарлар өткізді. Марғұлан университетінде де осы онкүндік аясында 40-тан астаміс-шара өтті. Бүгін біз Ғылым онкүндігін қорытындылап, ғылым мен білімнің даму жолында зор еңбек етіп келе жатқан ғылмдарға алғыс білдіреміз, - деді Жанбол Октябрьұлы.
Университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдиннің сөзінше, Ғылым онкүндігі аясында түрлі ғылыми конференциялар, ғылыми көрмелер, ашық дәрістер, ғылыми семинарлар, пікір-сайыс алаңдары ұйымдастырылған.
- Ғылыми декада «Жаңа қоғамдағы жастардың әлеуеті: білім мен ғылымның сапасы» атты XVIII халықаралық студенттік ғылыми-тәжірибелік конференциясы жұмысымен басталған болатын. «Жас ғалымдардың ғылымы мен инновациясы: коммерцияландырудың практикалық мәселелері» атты аймақтық жастар диалогтық алаңында маңызды мәселелер талқыланды. Онкүндік аясында «Қазақстан мен Ресей мемлекеттерде ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға инклюзивті білім беру проблемаларын еңсеру» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Оны Марғұлан университеті мен Новосібір мемлекеттік педагогикалық университеті бірлесіп ұйымдастырды. Онкүндік аясында студенттер үшін маңызды басқа да көптеген шаралар өтті,- деді Бауыржан Сатыбалдыұлы.
Шара барысында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен Педагогика жоғары мектебінің п.ғ.к., профессоры Назымгүл Асенова марапатталды. Сонымен қатар, бірқатар оқытушылар, ғылыми жоба авторлары және ғылыми орталық басшыларына облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты және Марғұлан университеті ректорының Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды. Одан бөлек, 2022 жылы рейтингі жоғары ғылыми журналдарда мақалалар жариялап, университет мәртебесін көтерген бірнеше ғалым Құрмет грамоталарымен қатар ақшалай сертификаттармен марапатталады. Мәртебелі марапатқа ие болған ғалымдардың қатарында Зифа Темиргазина, Гульфира Отепова, Анар Кәрімова, Бауыржан Абдрахманов, Бибігүл Нығметова, Раиса Көшкімбаева сынды доктор, профессорлар бар.