ҒЫЛЫМ МЕН МҰРА: СЕНАТОР АЛТЫНБЕК НУХҰЛЫ ПАВЛОДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНДЕГІ АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЗЕРТТЕУЛЕРДІҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МӘНІН ЖОҒАРЫ БАҒАЛАДЫ
20.02.2026
Сенатор Алтынбек Нухұлы Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті жанындағы Археологиялық зерттеулер институтына арнайы барып, ғылыми орталықтың қызметімен танысты. Қонақты университет ректоры Ержан Әмірбекұлы қарсы алып, ғылыми инфрақұрылымды жаңғырту нәтижелері мен институттың даму бағыттарын таныстырды.
Сапар барысында институт ғимаратына жүргізілген ауқымды реконструкция жұмыстары толық аяқталғаны айтылды. Зертханалар, қор сақтау орындары мен жұмыс кабинеттері заманауи талаптарға сай жаңартылып, археологиялық зерттеулер жүргізуге қолайлы ғылыми орта қалыптастырылды.
Алтынбек Нухұлы өңірлік университеттер жанындағы ғылыми орталықтарды қолдау — елдің зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайтудың маңызды тетігі екенін атап өтті: «Өңірлік жоғары оқу орындарында ғылымды дамыту — ел болашағына салынған стратегиялық инвестиция. Археология тарихи жадымызды сақтауда және ұлттық бірегейлікті нығайтуда ерекше рөл атқарады».
Айта кету керек, университет өткен жылдан бастап бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында ғылыми жобаны жүзеге асыруда. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде археометриялық, талдамалық және реставрациялық зерттеулерге арналған заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл Павлодар өңірінің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мүмкіндіктерін кеңейтіп, университеттің ғылыми әлеуетін айтарлықтай арттырды.
Өз кезегінде ректор Ержан Әмірбекұлы жаңғырту жұмыстары мен материалдық-техникалық базаның жаңаруы іргелі және қолданбалы зерттеулер жүргізуге жаңа серпін бергенін атап өтті:
«Мемлекеттік қолдау өңірлік ғылымның әлеуетін күшейтіп, жас зерттеушілерді даярлауға кең мүмкіндік береді».
Сапар Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті-нің археологиялық ғылымды дамытудағы және өңірлік ғылыми инфрақұрылымды нығайтудағы маңызды рөлін айқындай түсті.