Перейти к содержимому страницы.

ҒЫЛЫМ КҮНІ МАРҒҰЛАН УНИВЕРСИТЕТІНДЕ

11.04.2025

Марғұлан университетінде Ғылым күніне арналған салтанатты жиналыс өтті. Университеттің ректоры Ержан Әмірбекұлы ғалымдарды, оқытушыларды және ғылыми қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, ғылыми жетістіктердің университет пен өңірдің дамуына қосқан маңыздылығын атап өтті.

Ректор университеттің мақтанышы мен беделі, ең алдымен, оның профессорлық-оқытушылық құрамында екенін айтты. «Біздің оқу орнымызда мықты педагогтар мен ғалымдар командасы қалыптасты. Біз сіздердің еңбектеріңіз бен жетістіктеріңізді жоғары бағалаймыз. Баршаңызға денсаулық, бақыт, жаңа ғылыми табыстар және білімді шәкірттер тілейміз. Біз сіздермен мақтанамыз», — деді Ержан Әмірбекұлы.

Өз сөзінде ректор ғылыми қызметті қолдауға бағытталған жоспарлар туралы айтып, университеттің тек оқытуда ғана емес, ғылыми қызметте де өздерін сәтті дамыта алатын мамандар даярлауы тиіс екенін атап өтті. Зерттеулерді кәсіби және қаржылық өсудің көзіне айналдыру қажеттілігін айтты.

Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Бауыржан Есенгельдин ғылымды мемлекеттік қолдау жүйесі туралы ақпаратпен бөлісті. Ол өзгерістер мен жаңа талаптарды, сондай-ақ ғалымдарға зерттеулерін жүзеге асыруға және түрлі ғылым салаларында инновацияларды енгізуге көмектесетін гранттар, бағдарламалар және басқа қолдау формалары туралы айтып берді.

Бірқатар әріптестер Алғыс хаттармен, Құрмет грамоталарымен және Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылым саласының үздігі» дипломымен марапатталды. Марғұлан университетінің профессоры Қуаныш Ерғалиевке «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» медалі, ал қауымдастырылған профессор Зара Кульшариповаға «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» медалі тапсырылды.

Университет ректорының тапсырмасы бойынша 33 зерттеуші жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда жарияланған ғылыми мақалалары үшін марапатталды. 186 оқытушы KPI нәтижелері бойынша сыйақы алды.

Салтанатты шара университеттің ғылыми қауымдастығы үшін маңызды оқиғаға айналып, барлық қатысушыларды ғылым мен білім саласында жаңа жетістіктерге жетуге жігерлендірді.