ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ КЕЛДІ
02.11.2022
ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ КЕЛДІ
Павлодар педагогикалық университетіне ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Таңсәуле Серіков ресми іс-сапармен келді. Құрметті мейманды ППУ басқарма төрағасы-ректор Жанбол Жилбаев қарсы алып, алдымен 60 жылдық тарихы бар педуниверситеттің құрылымымен таныстырды. Содан кейін университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездесіп, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға білім беру мәселесін талқылады.
-Біз үшін бұл кездесудің маңызы өте зор. Өйткені кездесу тақырыбы да өзекті. Яғни, инклюзивті білім беру мәселесіне және ерекше қажеттіліктері бар студенттер мен қызметкерлер үшін қолайлы орта қалыптастыру тақырыбына арналған. Ал педагогикалық университет үшін бұл екі есе маңызды, өйткені біз психикалық және физикалық проблемалары бар балалармен жұмыс істейтін педагогтарды дайындаймыз. Ағымдағы жылдың 10 қазанында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің университет өкілдерімен инклюзивті білім беру мәселесі бойынша жиналысы өтті. Оған біздің қызметкерлер – Жанар Серікқызы Әбдірахманова және Алмас Қайыргелдіұлы Кенжеғалин қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдар үшін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру тұжырымдамасын дайындау тапсырылды, - деді Жанбол Октябрьұлы.