Перейти к содержимому страницы.

ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІ САЯСАТ НҰРБЕК «ӘДІЛЕТТІ ЖӘНЕ ПРОГРЕССИВТІ ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚТЫҚ КОНСТИТУЦИЯСЫ ҮШІН» КОАЛИЦИЯ ҚҰРАМЫНДА ПАВЛОДАРДАҒЫ ӘЛКЕЙ МАРҒҰЛАН АТЫНДАҒЫ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНЕ БАРДЫ.

06.03.2026

Сапар барысында министр оқытушылар, студенттермен кездесіп, жаңа Конституция жобасында көрініс тапқан білім беру, ғылым, инновация және цифрлық қауіпсіздік мәселелерін талқылады. Сондай-ақ технологиялар мен жасанды интеллект қарқынды дамып жатқан кезеңде цифрлық құқықтарды қорғау тақырыбы да көтерілді.

Министрдің айтуынша, жаңа Конституция жастарға жаңа мүмкіндіктер ашумен қатар мемлекеттік институттарды нығайтып, елдің стратегиялық дамуына жол ашады.

Университеттің ғылыми жобалары мен цифрландыру бағдарламалары ұсынылған көрмемен танысқан Саясат Нұрбек білім беру үдерісіне заманауи технологиялардың, соның ішінде жасанды интеллекттің белсенді енгізіліп жатқанын атап өтті. Ол «Ai Sana» бағдарламасы оқытушыларды жасанды интеллектті тиімді қолдануға үйретуге бағытталғанын айтып, жаңа технологиялар университеттердің жұмысын толықтырып, студенттердің цифрлық ортада білім алуына көмектесетінін жеткізді.

«Бүгінде заман ағымына ілесіп, білім беру сапасын арттыру үшін жасанды интеллект алгоритмдерін қолдану аса маңызды», — деді министр.

Сапар соңында Саясат Нұрбек студенттер мен оқытушыларды алдағы жалпыхалықтық референдумға белсенді қатысып, әрбір қазақстандықтың өз пікірін білдіріп, маңызды өзгерістерді қолдауына шақырды.