ЕҰУ-ДЕ БІЗДІҢ ПРОФЕССОРЫМЫЗ БАЯНДАМА ЖАСАДЫ
31.10.2022
2022 жылғы қазанның 28-інде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де Қазақ елінің ұлы тұлғасы, қазақ тіл ғылымы мен әдебиеттану негізін қалаушы әрі педагог, қоғам қайраткері А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ахмет Байтұрсыновтың ғылыми мұрасы аясындағы аударма технологиясы мен салыстырмалы әдебиеттану» атты Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізілді. Бұл конференцияға Павлодар педагогикалық университеті атынан баяндамашы өкіл ретінде Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша Білім беру бағдарламасының профессоры, филология ғылымының кандидаты Шақаман Ырысгүл Бектемірқызы «А.Байтұрсынұлы және қазақ тіл ғылымы» атты пленарлық баяндама жасады. Баяндама жасау барысында профессор Ы.Б. Шақаман қатысушыларды өз тақырыбының мәнді тұстарымен қызықтырды. Профессор Ы.Б. Шақаман А. Байтұрсынұлының енгізген дыбыстық әдісінің мәнін ашып көрсетіп, фонолог, фонетист ретіндегі қазақ тіл ғылымын негіздеудегі үлесін танытып өтті. Сонымен қатар профессор Ы.Б. Шақаман А.Байтұрсынұлының морфолог, синтаксист маман ретіндегі контекстік талдау әдісімен, грамматикалық жіктеу әдісімен ашық-жасырын қолданыстағы сөздерді қарастыруда нөлдік категориясын, сыпайылық категориясын танытып кеткендігін ерекшеледі. Осы арқылы ғалым Ы.Б. Шақаман тіл ғылымында аталмай жүрген астарлы грамматика мәселесінің қолға алыну негіздерін алғашқы болып көпшілік алдында талқыға түсірді.
Баяндамашының өзі сұхбат беруде: «Конференция Л.Н.Гумилев ат. ЕҰУ-нің «Шетел филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының докторы, профессор Біжкенова Айгүл Ермекқызының ұйымдастырымен (https://enu.kz/ru/info/novosti-enu/69085/) тартымды өтті. Бұл конференцияға «Шетел филологиясы» кафедрасының ұйымдастыруы ерекше көңіл аудартты. Өйткені, әдетте, мұндай ұлы тұлғалар еңбегі тек қазақ филологиясы мен тарих мамандары арасында талқыланатын еді. Ал осы аталған конференцияда барлық шет тілі мамандары мен білім алушылары (магистранттар мен докторанттар) жаппай қатысып, ұлы қайраткердің аударма теориясына, әдебиеттану, тіл білімдік бағыттарына ден қойып, өз зерттеулеріне негіз етуді мақсат еткен. Бұл – өте сирек кездесетін жайт» – деп конференцияға қатысудағы әсерін жеткізді.
Профессор Ы.Б. Шақаманның пленарлық баяндамасы туралы ЕҰУ сайтында да мәлімет берілді (https://enu.kz/ru/info/novosti-enu/69085/).