«ЕСІҢЕ МЕНІ АЛҒАЙСЫҢ!»
07.02.2024
Марғұлан университетінде Қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай «Есіңе мені алғайсың» атты поэзиялық лирикалық кеш өтті. Онда университет жастары қазақ поэзиясының қос шынары Мұқағали Мақатаев пен Фариза Оңғарсынованың өлеңдерін топтастырып, шағын қойылым көрсетті. Онда екі ақынның бір-біріне деген махаббаты мен сыйластығы поэзия тілінде суреттелді. Мұқағали рөлін Рамазан Дәуренбек сомдаса, Фаризаның рөлін Гүлзат Әбдіқадыр ойнады.
Поэтикалық қойылымның режиссері әрі сценаристі – Арайлым Сүндет.
– Бұл кеште он бес студентіміз өнер көрсетті. Дайындыққа шамамен екі жұмадай уақыт кетті. Қойылымда әртістер тек өлеңмен сөйлейтін болған соң бірінші жұма өлеңдер жаттадық. Ал екінші жұма актерлік шеберлікке көбірек көңіл бөлдік, – дейді ол.
Кеш барысында студенттер ақынның көпшілікке кеңінен танымал болған «Сен мына - жанарымның ішіндесің», «Фариза қыз», «Сен менің жүрегімнің жүрегісің», «Ғашықпын», «Мен сені сағынғанда» сынды лирикалық жырларын оқыды.