ЕРЛІК МӘҢГІ ЕСТЕ
20.12.2020
Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхана Ұлы Отан соғысының қатысушысы, панфиловшы, Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының 110 жылдығына арналған «Ерлік мәңгі есте» атты онлайн-викторинасын ұйымдастырып өткізді. Б.Момышұлының соғыс жолы әйгілі генерал И.Панфиловтың 316-атқыштар дивизиясымен тығыз байланысты. Ол осы дивизия құрамындағы бір батальонды басқарған. Аты аңызға айналған 316-атқыштар дивизиясы Совет Одағының астанасы Мәскеуді қорғау шайқасында теңдессіз ерен ерлік көрсетіп, мәңгі есте қалды. Батальон командирі ретінде аға-лейтенант Бауыржан Момышұлы Мәскеу үшін шайқаста 27 рет ұрысқа қатысқан. Сол шайқастарда Бауыржан Момышұлының әскери ұрыстарды жүргізу тактикасын атап өткен жөн. Оның «Момышұлы серіппесі» деп аталатын ұрыс тактикасы әлемнің көптеген әскери университеттерінде әлі күнге дейін қолданыс табуда. 1942 жылы әскери қызметі мен ерлігі үшін Бауыржан Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған, алайда бір себептерге байланысты ол атақ берілмей, тек 1990 жылы батырдың өлімінен кейін беріледі. Ұлы Отан соғысынан кейін Б.Момышұлы әскери академияларда сабақ беріп, соғыс жылдары мен майданда бірге шайқасқан қаруластары туралы отыздан астам еңбек жазып, қоғамдық өмірге белсене араласады.
Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығына арналған викторинаға гуманитарлық ғылымдар және жаратылыстану жоғары мектептерінің студенттері қатысты. Викторинаның қорытындысы бойынша:
І орын – ГТ-21 тобының студенті Маженова Зиадаға викторинаның сұрақтарына ең толық және жан-жақты жауап бергені үшін;
ІІ орынға ие болғандар: ХБ-31 тобынан Сымбат Керім және ГТ-33 тобының студенті Айтжан Құндыз.
ІІІ орын – ГT-31 тобының студенті Сабохат Марганбаеваға және ТД-21 тобынан Қабдрахманова Аидаға берілді.
Белсенді қатысқаны үшін алғыс хаттармен: Ахмедеева Диана (ГТ-21), Сарабек Аңсаған (ГТ-31), Дмитрий Сницарь (ИШ-32 ), Қабылда Нұрбол (ДМ-21В ), Саним Болат (TД-21) марапатталды.
Викторинаға қатысқаны үшін студенттерімізге алғыс білдіреміз!