ЕРІКТІЛЕР МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫНА ҚАШЫҚТАН БІЛІМ АЛУҒА КӨМЕК КӨРСЕТУДЕ
28.12.2020
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2020 жыл «Еріктілер жылы» болып жарияланған болатын. Пандемия кезінде мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары жаппай қашықтан оқыту жүйесіне көшті. Жағдайға байланысты көптеген оқушылар мен ата-аналар қалыпты оқу жүйесінен қашықтан оқыту форматына көшуде біраз қиындықтарға тап болды. Павлодар педагогикалық университетінің Мұсахан Канапиянов атындағы колледжінің студенттері өз ынталарымен еріктілер ұйымына кіріп, әр жас шамасындағы мектеп оқушыларға үй тапсырмасын орындауға көмек қолдарын созды. Төменде сол оқушылардың ата-аналарының біздің студенттерге деген жылы лебіздері берілген.
• Мен Айтмұхамед Жанеркенің анасымын, № 31 мектепке және М.Қанапиянов атындағы педагогикалық колледжге көрсетіп жатқан көмектеріңізге алғыс айтамын. Жанеркеге өте жақсы көмек көрсетілді. Мадинаға алғысым шексіз! Бейнеқоңырау арқылы түсінбеген жерлерін айтып отырады. Қызыма көп көмек беріп жатырсыздар. РАХМЕТ!
• Мен Сайлаубеков Әзімбектің анасымын. Ұлым Кенжекөл мектебінің 4-сынып оқушысы. Балама Педагогикалық колледжде оқитын Айжанар есімді қыз көмек көрсетті. Ертелі-кеш деп қарамай, кез келген уақытта қол ұшын берді. Өзінің озық тәжірибесінің арқасында балама көмегі айтарлықтай тиді. Келешекте осындай ақылды да жанашыр қызбен жұмыс істеуге қарсы емеспін! Барлығы көңілімнен шықты:))
• Мен 4 «а» сынып оқушысы Сапарғали Мөлдірдің анасымын. Айданаға айтар алғысым шексіз! Әр кезде көмек беруге дайын. Математика, қазақ тілі сабақтарын толығымен түсіндірді.
• Мен Исламның анасымын. Әр кезде үй тапсырмасына көмектесіп жүретін Назираға алғыс айтамыз! Өз ісіне тиянақты, жұмысын жақсы біледі. Көптен көп рахмет, ұстаздар! Осындай игі істеріңіз көп болып, еңбектеріңіз алға баса берсін!