ОБЛЫСТЫҚ КІТАПХАНАҒА САЯХАТ
12.02.2021
«Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасының 1 курс студенттері С.Торайғыров атындағы Павлодар облыстық ғылыми кітапханасында болып қайтты.
Кітапхана қызметкерлері студенттерге облыстық кітапхана бойынша танымдық экскурсия жүргізді. Студенттер кездесуден алған әсерлерімен бөлісті:
Диана Калиева (ШТАқ-11 тобы):
- Кітапхана – білім мен ғылымның алтын қазынасы. Бұл жер жанға жайлы, осында келгенде ерекше әсер аламын, мұнда өз-өзіңмен қалып, ойлануға, ойыңды жинақтауға жақсы мүмкіндік бар. Сондықтан да адамдар осы жерде жиналып, небір жанды идеяларын жүзеге асырады. Кітапхана қорында 18,19,20 ғасырға тиесілі мұралар бар. Біз ағылшын тіліндегі емтиханға қажеттілігі бар кітаптармен таныстық. Кездесу пайдалы әрі қызықты өтті.
Наргиза Муратова (ИАс-12 тобы):
- Кітапхананың ішкі атмосферасы қатты ұнады. Кірген бетте осындағы барлық кітаптарды оқып үлгергім келеді. Осы жерде жазу жазуға, өзіңді жан-жақты дамытумен айналысқың келіп-ақ тұрады. Оқу залы аса үлкен, жарық, кітап оқуға, жазу жазуға жайлы, барлық жағдай қарастырылған. Кітапхана ішінде небір жаңа технологиялар да енгізілген. Қолжетімді ақысыз интернет пен компьютерлер де бар. Бұл өте ыңғайлы.
Камала Ержанкызы (ИАс-12 тобы):
- Кітапхана ішінде ағылшын клубы бар. Бұл ағылшын тілін үйренем деушілерге жақсы мүмкіндік! Алдағы уақытта осы клубтың мүшесі болғым келеді. Алысқа кетпей-ақ осы жерден керекті кітаптар мен ағылшын тіліндегі фильмдерді алуға болады. Кітапхана қызметкерлеріне және экскурсияны ұйымдастырған оқытушыларымызға алғысымды білдіремін!