ДЕНСАУЛЫҚҚА ҚАМҚОРЛЫҚ ЖӘНЕ ПРОФИЛАКТИКА
21.10.2025
Марғұлан университетінде студенттердің медициналық сауаттылығын арттыруға және салауатты өмір салты мәдениетін қалыптастыруға бағытталған профилактикалық кездесу өтті.
Іс-шараға университеттің медициналық пунктінің дәрігері Дархан Мұхитжанұлы, “Данель” медициналық орталығының бас дәрігері Тимур Бауыржанович және Павлодар облысы бойынша “Арнайы медициналық сақтандыру қоры” КеАҚ филиалының директор орынбасары Асель Кабидоллаевна. қатысты. Мамандар студенттерге медициналық көмекке жүгіну тәртібі, медициналық ұйымдарға тіркелу жолдары туралы толық түсіндіріп, алғашқы ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге дер кезінде қаралудың маңыздылығын атап өтті.
Кездесу барысында жеке гигиена, жұқпалы аурулардың алдын алу және ұжымдағы әдеп мәдениеті тақырыптарына ерекше назар аударылды. Дәрігерлер қарапайым тазалық ережелерін сақтау мен өз денсаулығына ұқыпты қарау — табысты оқу мен толыққанды өмірдің негізі екенін айтты.
Осындай кездесулер тұрақты түрде өткізіліп, студенттердің медициналық қызметтермен таныс болып, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарау дағдысын қалыптастыруға бағытталған.
Марғұлан университеті медициналық ұйымдармен тығыз ынтымақтастық орнатып, студенттердің физикалық және психологиялық әл-ауқатын қолдауға арналған барлық жағдайды жасауды жалғастыруда.
