Перейти к содержимому страницы.

ППУ-ДА ӨТКЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДЕБАТ ТУРНИРІНІҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

04.04.2022

Павлодар педагогикалық университетінде ректор кубогына арналған «AQIQAT CUP XI» аталатын республикалық пікір-сайыс турнирі аяқталды. Мұндай ауқымды дебат турнирін ұйымдастырудағы басты мақсат – университеттің биылғы 60 жылдығына орай студенттердің жан-жақты дамуына қолдау көрсету. Турнирдің ашылу салтанатына университеттің проректоры Болат Құдайбергенұлы қатысып, қонақтарға сәттілік тіледі.

Жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Мадина Құсманованың айтуынша, турнирге Алматы, Қостанай, Петропавл, Тараз, Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Семей, Көкшетау, Ақтөбе, Атырау, Павлодар қалаларынан 35 фракция қатысты. Бір ерекшелігі пікір-сайыс ойыны ұлттық стильге негізделген. Яғни, қатысушылардың көбі ұлттық киіммен ойнады.

- Дебат турниріне еліміздің 14 облысынан студенттер келді. Қазір дебат ойындарын дамытудың өзектілігі артып келеді. Бұл жоғары оқу орын студенттерінің патриоттық санасын қалыптастыруда, бір-бірімен тәжірибе алмасуда және жастар саясатын даматыуда өте маңызды болып табылады. Ел Президентінің бастамасымен биылғы жыл балалар жылы болып жарияланғаны белгілі. Сондықтан алдағы уақытта оқушылар арасында облыстық дебат турнирін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, - дейді Мадина Шалқарқызы.

Студенттердің пікір-таласы екі күнге жалғасты. Оған Ролан Мухитжанұлы (Астана қаласы), Мүсілім Елдос (Астана қаласы), Есенқұл Ақәділ (Павлодар қаласы),  Молдасапар Шыңғыс (Павлодар қаласы), Сланбек Елемес (Екібастұз қаласы) сынды үздік дебатерлар төрелік жасады.

Дебат қорытындысы бойынша, 1-орынды Петропавл қаласының «Север помнит» фракциясы жеңіп алды.  Ал 2-орын Қарағандыдан келген «Ресейлік Әскери кеме» фракциясына бұйырса, 3- орынды Астана/Семей қалаларының «Розовый трамвай» фракциясына бұйырды. Қарағандының  «Қарму А» командасы «Үздік жас буын» номинациясымен марапатталды.

- Осыдан бес-алты жыл бұрын дебаттың дамуы өте төқмен болатын. Яғни, қандай да бір жарыс ұйымдастырылса оның шығынын студенттер өздері көтеретін. АЛ қазір білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің қолдауымен барлық қаржылай қолдау көрсетуде. Алдағы бес жылдың ішінде бұдан да үлкен көрсеткішке жетеді деп ойлаймын, - дейді А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің студенті Шыншыбаев Мұратхан.

Сонымен қатар, “Үздік Спикер” номинациясы Исахан Нұрбақыт есімді ойыншыға берілсе, “Үздік Төреші” номинациясы Сланбек Елемеске бұйырды. Жеңімпаздар 1-ші орын 150 мың, 2-ші орын 100 мың, 3-ші орын 70 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлақтарға ие болды. Сол секілді «Үздік спикер» 30 мың, «Үздік төреші» 30 мың, «Үздік жас буын» 30 мың теңгемен марапатталды.