Перейти к содержимому страницы.

ДӘСТҮРЛІ «ҚЫМЫЗМҰРЫНДЫҚ» МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

11.06.2022

Павлодарлықтар «Қымызмұрындық» мерекесін атап өтті. Дәстүрлі қымыз тойына Павлодар педагогикалық университетінің ұжымы да қатысып, мерекеге жиналған жұртқа қымыз және бауырсақ сынды ұлттық тағамдар таратты.

Қымыз мерекесі «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен қалалық мәдениет және демалыс саябағында өтті. Жиналған жұртты «Нұр Ана әлемі» ҚБ төрайымы Бақытжамал Максилова және зейнеткер Идият Әбдіхалықов сынды ел ағалары құттықтап, биылғы жаз маусымының қымызға толы берекелі болуын тіледі. Саябақта қазақтың киіз үйлері құрылып, алаңда садақ ату, асық ату сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ж.Аймауытов атындағы қазақ-музыкалы драма театрының әртістері шағын көріні қойып, жергілікті өнерпаздар ән мен күйден шашу шашты.

- Қымыз мұрындық мерекесі еліміздің ежелден келе жатқан дәстүрі. Мереке қарсаңында жылдың алғашқы қымызын ауылдың адамдарына салтанатпен ұсынып,  үлкендерден “көпке бұйырсын” деген бата-тілек алады. Бүгінгі шараға Павлодар педагогикалық университетінің ұжымы да қатысып, қымыздың қасиетін келешек ұрпаққа дәріптеуге ат салысты. Қала тұрғындар қымыздан дәм татып, ыстық бауырсақ таратылды,-деді ППУ Ғылыми жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Бауыржан Есенгелдин.