Перейти к содержимому страницы.

ДАРЫНДЫ МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ӨНЕР АКАДЕМИЯСЫНЫҢ САБАҒЫНА ШАҚЫРЫЛДЫ

06.02.2023

Музыкалық білім беру бағдарламасының оқытушы-сарапшысы, психология магистрі Әсемгүл Рахметоллақызы Түлекова 3 курс студенттерімен бірлесіп Павлодар қаласы Малайсары батыр атындағы жалпы орта мектебінің 9-11 сынып оқушылары арасында кәсіптік бағдар беру іс-шарасын өткізді.

Іс-шара студенттердің осы мектепте өтетін педагогикалық практикасы аясында ұйымдастырылып отыр. Кездесу барысында 3 курс студенттері Жақсыбекқызы Аяулым, Құнанбай Жайдар, Киноятова Залина және Баянбек Тілеужан жоғары сынып оқушыларына Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті, жоғары оқу орындарының мамандықтары, қабылдау шарттары туралы ақпарат берді. Оқушылар шығармашылық мамандықтарға үлкен қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойып, жан-жақты жауаптар алды.

Эксперт ұстаз Әсемгүл Төлекова Өнер және спорт жоғары мектебінің жанынан Кіші өнер академиясының ашылуы туралы әңгімеледі. Мұнда Марғұлан университетінің профессорлары мен оқытушылары өткізетін сабақтарға 7-11 сынып оқушылары және ересектер де қатыса алады. «Кіші өнер академиясының түлектері Марғұлан университеті «Музыкалық білім» білім беру бағдарламасының студенттері жеңілдетілген шарттармен оқи алады. Әдемі ән айтып, музыкалық аспаптарда ойнауды армандайтын барлық жастарды Кіші академиямызда күтеміз!», - деді Әсемгүл Рахметоллақызы.

Іс-шара аясында мектеп оқушылары мен мұғалімдері «Музыкалық білім» білім бері бағдарламасы 2-4 курс студенттері Айбекқызы Ақерке, Темірбай Смағұл, Құнанбай Жайдар, Баянбек Тілеужан, Киноятова Залина, Адараш Тұлпар, Сахабек Жархынгүл, Авлайхан Асылбек және Сакен Назарбектің орындауындағы тамаша концерттік нөмірлерді тамашалады.