Перейти к содержимому страницы.

ЧЕХИЯ: ППУ СТУДЕНТІ ТОҒЫЗҰМАЛАҚТАН ТОП ЖАРДЫ

26.10.2022

Чехияның Прага қаласында өткен тоғызқұмалақтан халықаралық турнир аяқталды. Әлемдік деңгейдегі байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы топ жарып, командалық есепте жеңіске жетті. Біздің елдің туын көтеріп барған екі спортшының бірі Павлодар педагогикалық университетінің студенті.

Халықаралық турнирге Қазақстан, Қырғызстан, Украина, Польша, Австрия, Словакия, Германия және Чехия елдерінен әлемдік додаларды бағындырып жүрген ең танымал тоғызқұмалақшылар қатысты. Жарыс халықаралық ереже бойынша командалық, классика және рапид түрлерінен өтті. Қазақстан намысын қорғаған жастар құрама командасының қатарында Жанбау Диас (Ақтөбе облысы) пен Баилдяшева Жәмила (Павлодар облысы) есімді спортшылар болды. Яғни, Қазақстан құрамасындағы екі ойыншының бірі – спорт шеберлігіне үміткер Жәмила Баилдяшева. Ол Павлодар педагогикалық университетінің студенті. Өнер және спортжоғары мектебінің дене тәрбиесі және спорт білім беру бағдарламасында білім алады. Тоғызқұмалақ спорты бойынша Азия кубогының жеңімпазы (2020,2022), ҚР командалық чемпионатының жеңімпазы (21 жасқа дейін), әйелдер арасында өтетін командалық чемпионаттың жүлдегері.

- Жарыс аса қиын болған жоқ. Керісінше ұнады, басқа мемлекеттің адамдармен ойнаған өте қызықты болды. Еліміздің абыройы үшін барынша мұқият ойнауға тырыстық. Халықаралық турнир болғандықтан, әлемнің үздіктері келді. Бізге Қырғызстан және Чехия ойыншылары мықты қарсылас бола білді, - дейді Жәмила Жалғасқызы.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 3 алтын, 1 күміс және 1 қола медальді қоржынға салып, командалық есепте бірінші орынды жеңіп алды.