Біздің университеттің таланттары патриоттық әндер байқауында үздік болды!
02.12.2021
Павлодар педагогикалық университетінің Жастар саясаты департаменті студенттік филармония шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Оразбек Бахатхан және студенттік филармония вокал үйірмесінің жетекшісі Ерболат Аралбаев "Тәуелсіздік - арманым, жырымды саған арнадым" қалалық ән байқауында үздік орындаушылар атанды.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналған "Тәуелсіздік - арманым, жырымды саған арнадым" атты 16-30 жас аралығындағы жас әншілер арасындағы патриоттық әндердің қалалық байқауын Павлодар қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі Естай атындағы мәдениет сарайында ұйымдастырды.
Патриоттық әндер байқауында 20-ға жуық қатысушы өздерінің оқу орындарының намысын қорғады. Конкурстық комиссияның шешімі бойынша ән сайысының финалына 7 үздік орындаушы іріктелді.
Байқау қорытындысы бойынша Павлодар педагогикалық университетінің Жастар саясаты департаменті студенттік филармония шешендік өнер үйірмесінің жетекшісі Оразбек Бахатхан бас жүлдені иеленсе, студенттік филармонияның вокалдық үйірмесінің жетекшісі Ерболат Аралбаев І орынды орынды қанжығасына байлады.
Оразбек Бахатханның айтуынша, бірінші турда ол Нұрсұлтан Назарбаевтың "Елім менің" әнін, екінші турда Ықылас Ожай мен Ибрағим Ескендірдің "Аманат" әнін орындаған. "Мұндай іс-шаралар жастарға патриоттық тәрбие беруде өте маңызды деп санаймын. Еркін Қазақстанда тұратын жастар елдің Тәуелсіздігі үшін күрескен батырларымызды ұмытпауы керек. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!",- деді Оразбек.