Перейти к содержимому страницы.

КИОКУШИНКАЙ КАРАТЕ БОЙЫНША ҚАЗАҚСТАН ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА МЕДАЛЬІН АЛДЫ

01.04.2022

Жоғары өнер және спорт мектебінің ДШжС -11 тобының студенті Сұлтан Бейбарыс киокушинкай каратэден Қазақстан Республикасының XXIV чемпионатында ІІІ орынды жеңіп алды.

Павлодарда өткен киокушинкай каратэден Қазақстан Республикасының чемпионаты барлық облыстардан 560 спортшының басын қосты. Татамиде еліміздің 12 жастан асқан мықтылары бақтарын сынады.

Жарыстың ұйымдастырушысы киокушинкай каратэнің Павлодар филиалы болды.

Чемпионат жоғары деңгейде өтті. Әр жас санатында, әр салмақта өте тартысты жекпе-жектер өтті.

1 дан қара белбеу иегері, студентіміз Сұлтан Бейбарыс ересектер арасында 60 келі салмақта алғаш рет өнер көрсетті.

Екі жекпе-жекте ол Нұр-Сұлтан қаласының қарсыласымен және Шығыс Қазақстан облысының спортшысымен шеберлік пен ұтымды әдістер көрсетіп, әдемі жеңістерге жетті. Жартылай финалда Бейбарыс петропавлдық балуанға есе жіберді. Айта кетейік, Петропавл каратэ мектебі Қазақстандағы ең үздіктердің бірі болып саналады. Бейбарыстың қарсыласы өте тәжірибелі болып шықты. Оның артында ерлер санатындағы ондаған жылдардағы тартыстар бар.

"Өкінішке орай, тәжірибем жеткіліксіз болды. Бірақ келесі чемпионатта алтынымды аламын деп үміттенемін", - деді Сұлтан.

Сұлтан өзін физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да дайындаған бапкері, 2-дан қара белбеу иегері Еркебұлан Айтжановқа алғысын айтты. Жарыс барысында жаттықтырушы әр жекпе-жек алдында шәкіртімен бірлесе отырып, әр қарсыласпен күрес тактикасын құрастырып отырды.